Құтқарушылар сапалақтың және мотопомпаның көмегімен қамыс өртін сөндіру жұмысын жүргізді
Каспий теңізінің Атырау облысындағы жағалауында 2 күн қатарынан 5 гектар қамыс өртенді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының ақпаратына қарағанда, теңіз жағасындағы қамыс өрті 15 наурызда тұтанған.
"15 наурызда Атырау қаласының маңындағы Новокирпичный ауылынан Каспий теңізіне қарай 30 шақырым қашықтықта шамамен 4 гектар аумақта қамыс өсімдігі жанды. Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 30-дан астам құтқарушысы өртенген қамысты сөндіруге жұмылды. Оған 5 техника бөлінді. Құтқарушылар сапалақтың және мотопомпаның көмегімен қамыс өртін сөндіру жұмысын жүргізді", - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Ал кеше 16 наурызда қамыс өрті тағы қайталанған. Кешкі сағат 18:40-та сол аумақта 1 гектар аумақта қамыс өртенді.
"Қамыс өрті құтқарушылардың күшімен толықтай жойылды. Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші қызметі теңіз жағалауын бақылауға алды", - деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 17 616 бала шала туған