Компания өкілі 70 млн теңге шығынға ұшырады
Алматылық инвестор Маңғыстауға барып 70 млн теңге шығынға ұшырады. Ол Мұнайлы ауданындағы 7 ауылға интернет желісін жүргізген. Бірақ белгісіз біреулер тал түсте ғаламтор сымдарын қиып тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұнайлыда жылдамдығы жоғары, сапалы интернетке қол жеткіздік деген көпшіліктің қуанышы ұзаққа бармады. Ауылдағы ағайын «заман ағымына ілесе бергенімізде әлдекімдер интернет желісін қиып кетті» деп шағымданды.
«Интернетті 2 ай пайдаландық. Үшінші айда қиып кеткен соң, дұрыс ұстамайды», – деді Басқұдық ауылының тұрғыны Бекжан Дәулетбаев.
Көшені бірнеше сағат күзеткен компания өкілі жұмысына зиян келтіріп жүргендерді анықтайды. Белгісіз біреулер өздерін өзге мекеменің атын атап, сол жердің қызметкерлеріміз деп таныстырған.
Кәсіпкер «құзырлы органға барып, арыз жазғанымен олардан қайран жоқ» деп налиды. Ол «жұмысым зая, қыруар қаржым босқа кете ме?»деп уайымдайды.
«Осы линияны қиғаннан кейін біз ішкі органдарға барып арыз түсіргенбіз. Прокуратураға барып арыз түсірдік. Бізде меморандум, рұқсат барлығы бар, бірақ ешқандай да жауап жоқ. Сондықтан журналистерге жүгінуге мәжбүрміз», – деді компания өкілі Алтынай Жанатаева.
Ал аудандағы тоқ көзі мен ғаламтор желілерін орнату бойынша нүктелерді анықтап беретін мекеме басшысы «интернет желілеріне біз тиіспедік, сымды қиып тастауға тапсырма берген жоқпыз» дейді.
«Біздің тараптан ешқандай тапсырма берілген жоқ. Техникалық шарт берілген бірақ оның күші жойылған. Оның да себебі көрсетілген. Құжаттары мекемеге жіберілген, алды деп ойлайымн, – деді Мұнайлы ауданы «Маңғыстауэнерго» МКК директорының м.а Қанат Қонысбаев.
Аймақтағы энергиямен қамтамасыз ететін ресми мекеменің басшысы компания өкіліне техникалық шарттағы барлық тармақты тәртіпке сай жасақтап, құжаттарын түгел қайта тапсырса, ғаламтор сымын елдімекендерге тартуға рұқсат беретінін айтты. Десе де кәсіпкер ең алдымен шығынын өтеу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдігінің қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Алматы телеарнасы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Таразда «Төрткүл» керуен сарайының қабырғасы құлады