Тарихи нысан 17 жыл бұрын қазба жұмыстары кезінде ашылып, 67 миллион теңгеге қалыпқа келтірілген
Таразда XI-XIII ғасырға тән «Төрткүл» керуен сарайының қабырғасы құлап жатыр. Тарихи нысан соңғы рет 15 жыл бұрын реставрациядан өткен. Бірақ қазір 90 пайызы тозыпты. Жағалай қоныстанған жұрт «жарылған қабырғалар жаяу жүргінші мен үй жайға қауіп төндіре ме?» деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Төрткүл» керуен-сарайы бұрын көркі көз тартқан, туристер жиі келетін орын еді. Бірақ қазір қабырғасы жарылып, кірпіштері үгітілген. Көшеге қараған бір бөлігі құлап қалған. Тұрғындар қорғанға кейінгі 2-3 жылда келушілердің азайғанын айтады. Соңғы уақытта есігіне қара құлып салынып, мүлде жабылып қалыпты. Көпшілік бұл тарихи жәдігердің қараусыз қалғанына қапалы.
«Қарын тазаламаған. Көшеге сән беріп тұр еді. Оқушылар, туристер көп келеді. Күтім болмағаннан кейін, құлады», – деді қала тұрғыны Бибігүл Үсіпбаева.
«Төрткүл» керуен сарайы 17 жыл бұрын қазба жұмыстары кезінде ашылып, 67 миллион теңгеге қалыпқа келтірілген. Сөйтіп 2010 жылы ашық аспан астындағы мұражай ретінде пайдалануға беріліпті. Бірақ содан бері күтіп баптау жұмыстары жүргізілмеген. Себебі сарай шатыры тесіліп, іші тозып кеткен. Электр желілері де үзіліп, QR коды қирап жатыр.
«2015 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Содан қайта қалпына келтіріп, жаңғыртылмады», – деді Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев.
Мамандар «тарихи нысан әрбір 5 жыл сайын жаңғыртылып тұруы қажет»дейді. Ал қамалды қайта жаңарту жұмыстары 2 жыл бұрын жүргізілуі тиіс еді. Оған бюджеттен 110 миллион теңге де бөлінген. Бірақ әкімдік қаражатты қайта қайтарған көрінеді. Енді жергілікті билік нысанды өз балансына алып, биыл қайта жаңғыртпақ. Бірақ оған 4 есе көп қаржы қажет.
«Биыл жоба әзірледік, сметалық құны 417 млн теңгені құрап отыр, Былтыр теңгерімге алғанда ғимараттың тозу деңгейін анықтадық», – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.
Жергілікті билік 2 айдан соң жаңғырту жұмысын бастамақ. Құрылыс барысы жыл соңына дейін созылуы мүмкін.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданында екі емхананың құрылысы басталады