Қазақтың дәстүрлі тұрмысында әрбір бұйымның өзіндік мән-мағынасы мен қасиеті бар
Қазақ қолөнері – бабадан қалған құнды қазына. Almaty.tv тілшісі жадымыздан көмескіленіп бара жатқан ұлттық бұйымдарды түгендеді.
Әшекейлі білезік, жүзік пен сырға, шолпы мен шашбау – сұлулықтың сәні. Кілем мен текемет, алаша мен басқұр дала мәдениетінің мәні болған. Сандық, кебеже, асадал, жүкаяқ - көшпелі өмірдің ажырамас көрінісі. Дегенмен, қазақ қолөнерінің ауқымы бұлармен шектелмейді. Уақыттың сынынан өтіп, ұмытыла бастағанымен, әр қазақтың шаңырағынан табылған үкіаяқ пен адалбақан, көнек пен саба, торсық пен шара сияқты ерекше бұйымдар да бар.
Қазақтың дәстүрлі тұрмысында әрбір бұйымның өзіндік мән-мағынасы мен қасиеті бар. Соның ішінде киіз үйдегі ең маңызды жиһаздардың бірі – адалбақан. Ол негізінен киім мен тұрмыстық заттарды ілуге арналса да, халқымыз оны тазалық пен адалдықтың белгісі санаған. Сонымен қатар әйел босандырғанда сүйеу ретінде қолданылғаны да белгілі. Этнографтар адалбақан әу баста ашабақан деп аталғанын айтты.
«Ашабақанды жаңа түскен келіннің төсегінің екі жағына іліп, шымылдық байлаймыз. Келіннің адалдығын күзетіп тұр деп «ашабақанға» - «адалбақан» деген мәртебе берілген. Сондықтан көп адамдар ашабақан мен адалбақанның айырмасын білмей жатады. Ол жерде ешқандай айырмашылық жоқ. Қолдану аясы біреу», – деді этнограф, ҚР мәдениет саласының үздігі Бұлбұл Кәпқызы.
Негізінен адалбақан жас қайың мен қарағаштан жасалып, шеберлер бұтақтарын табиғи ілгіш ретінде сақтаған. Кейбіреуі бөкен мүйізімен безендіріліп, сәндік құндылығы арттырылған. Байлар оны мәртебе белгісі ретінде қабылдап, былғарымен қаптап, күміспен күптеп, алтын шегелермен әрлеген. Сондай-ақ бұйымды үш бөлікке бөліп, өзіндік мағынасын да айшықтапты.
«Үйге келген кезде қонақ киімді бас киімді кез келген жерге іліп қойса, қонаққа деген құрметтің жоқтығын білдіреді. Соған қазақ әрқашан мән беретін. Егер де келген қонақ баскиімін төменге ілсе, реніші бар деп білген», – деді қолөнер шебері Дәулет Шоқпарұлы.
Адалбақан сынды, көнек те қазақ халқының тұрмысында айрықша орын алған. Бүгінде ұмыт бола бастаған көне бұйымдардың бірі. Ежелден бие саууға пайдаланылған бұл тері ыдыстың көлемі шамамен 30, ал биіктігі 20 сантиметрге жуық. Пішіні шәйнек не құманға ұқсайды. Оны жылқының жон терісінен немесе түйенің мойнағынан бүтіндей сылып алып дайындаған. Басты ерекшелігі сүт сауу кезінде ыңғайлы. Осыған байланысты халқымызда «Көнектен шошыған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас» деген мақал да қалыптасқан.
«Малды сауған кезде тері ыдысынан қатты қаңғырлаған дауыс шықпайды. Мал июі жақсы болып, сүтті көп беретін. Халқымыз соның бәріне мән берген, біріншіден, жеңіл болады. Екіншіден, табиғи таза материалдан жасалады. Сүт тағамдары өте ұзақ уақытқа сақталған», – деді қолөнер шебері Дәулет Шоқпарұлы.
Қазақ тарихында ең көне қолөнер бұйымдарының қатарында кісе белдік те бар. Белдікті жасау үшін «талқы» деп аталатын аспап қолданылады.
«Малмадан шыққан теріні кептіреді. Кепкен тері қаудырлап, қатып қалады. Оны шиыршықтап орап, талқыға салып, жұмсартады. Қазақта «талқыладық» деген сөз тіркесі бар. «Біреудің тәртібін жиналыста талқыладық» дейді, сондағы «талқылаудың» түбірі осы теріні талқылау деген сөзге келіп, байланысады. Ол адамның жаңағы мінезін жұмсарту, тәртібін жұмсарту деген мағынады білдіреді», – деді қолөнер шебері Дәулет Шоқпарұлы.
Қазақ халқының ұмыт бола бастаған асыл мұраларының тағы бірі – үкіаяқ. Киелі құс тырнағынан жасалған бұл бұйым қазақ мәдениетінде қасиетті саналып, қыз баланы жамандықтан қорғайтын бойтұмар ретінде тағылған. Шеберлер оны күміспен көмкеріп, ерекше нақышпен әзірлеген. Ол табиғатқа құрмет пен тазалықтың белгісі саналып, жас ұрпақты ізгілікке баулыған
«Жаңа туған бесіктегі баладан бастап, адамдар үкі тағады. Себебі үкі сол сырттан келген зұлымдық күштерден қорғайды. «Тіл, көзден сақтайды» деген сенім бар», – деді Бұлбұл Кәпқызы.
Қазақ қолөнері – ата-бабадан жеткен асыл аманат. Заман жаңарса да, ұлттық мұраның мәні өшпейді. Өйткені өткенін ұлықтаған ел ғана болашағын баянды ете алады.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматыда Наурыз мейрамы ауқымды түрде тойланады