Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания музейін аралап көрді

19.02.2025 20:30

Президент музей қорында сақталып тұрған сирек жәдігерлермен танысты

Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амманға ресми сапары аясында Иордания музейін аралап көрді. Мемлекет басшысын аталған нысанда ханзада Әли бен әл-Хусейн, Иордания музейі Қамқоршылар кеңесі төрағасының орынбасары, ханшайым Сумайя бинт Хасан мен музей директоры Ихаб Амарин қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорданың сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев көрме залдарын аралап көріп, музей қорында сақталып тұрған сирек жәдігерлермен және экспонаттармен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Иордан Хашимит Корольдігіндегі ең үлкен музейдің құрылу тарихы жөнінде мәлімет берілді.

"Музейдегі ерекше көрменің бірі – Кумран қолжазбалары. Онда тарихи құндылығы зор мыс қолжазбалардың фрагменттерімен танысуға болады", - делінген хабарламада.

Иордания музейі тұрақты экспозициядан бөлек, ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеу үшін уақытша көрмелер, дәрістер, семинарлар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.

Президент нысанды аралап көрген соң Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Оқи отырыңыз: Президент Иорданияға ресми сапары аясында қандай құжатқа қол қойды