Мемлекет басшысы елімізде түрлі кезеңде жарық көрген басылымдардың қашанда ұлт мүддесіне адал қызмет еткенін атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қадірлі баспасөз қызметкерлері!
Сіздерді Ұлттық басылым күнімен құттықтаймын!
Бұл мереке – елімізді өркендету және мемлекеттігімізді нығайту жолында еңбек етіп жүрген баспасөз өкілдеріне деген шынайы құрметтің белгісі.
Қазақ басылымдары әрдайым халықтың үні, төл руханиятымыздың берік қорғаны саналған. Біз оның бай тарихын, ағартушылық дәстүрін мақтан тұтамыз. Газет-журналдарымыз ұлттық сана-сезімді дамыту ісінде айрықша рөл атқарады. Зиялы қауым өкілдері қоғамдағы көкейкесті мәселелерге қатысты ой-пікірін, негізінен, мерзімді баспасөз арқылы білдіреді.
Елімізде түрлі кезеңде жарық көрген басылымдар қашанда ұлт мүддесіне адал қызмет еткен. Аға буынның сара жолын қазіргі кәсіби журналистер лайықты жалғастырып келеді. Олар шынайы ақпарат таратып, жалпыұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға белсене атсалысып жүр.
Газет-журналдарымыз алдағы уақытта да жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға және ел бірлігін нығайтуға зор үлес қоса береді деп сенемін.
Баршаңызға шығармашылық шабыт, бақ-береке тілеймін!" - делінген құттықтауда.
Оқи отырыңыз: Деректерді қорғаудағы AI қолданысы: Қазақстанда киберқауіпсіздік жаңа деңгейге шықты