Қауіпті қойма: Қызылордада тұрғындар күкірт қышқылы зауыты құрылысына наразы

Аудан әкімдігі жобаны жүзеге асырушы компания ешбір ескертулерді елемей отырғанын жасырмады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қауіпті қойма. Қызылорда облысында жаңадан салынып жатқан күкірт қышқылы зауытына қарасты нысан тұрғындарды алаңдатып отыр. Сорақысы сол, зиянды өндірістің құрылысын жүргізуші кәсіпкер көпшілікпен келісімге келмеген. Әкімдіктің ескертуін де елемеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нысанның құрылысына наразы жұрт балалардың болашағына алаңдайды. Өйткені мұнда адам денсаулығына зиянды сұйықтық сақталмақ. Ураннан өндірілетін күкірт қышқылының елдімекен маңында болуы санитарлық талапқа да сай келмейді. Оны құзырлы мекемелер тексеріп, экологиялық норманың сақталмағанын анықтаған. Ал көпшілік "Кәсіпкер жер телімін пайдалану мақсатын негізсіз өзгертіп, өрескел заң бұзушылықтарға барып отыр" деп санайды.

"Бұл жерді сатып алған екі мекемені де алдап отыр. Себебі ғимаратқа қызмет көрсету, өндіріс орнын ашамыз деп алып, сұйықтық сақтау қоймасын ашып отыр. Егер халыққа зияны болмаса, жұрттың кәсібінде жұмысымыз жоқ. Ал халыққа кесірі тисе, неге тыныш жатуымыз керек?" – деді Шиелі аудандық мәслихатының депутаты Қанат Жүсіпов.

Уран – улы шикізат. Адам өміріне қаупі де жоғары. Сондықтан «Бұл қисынсыз жобаны уақытында тоқтату керек» дейді медицина саласының ардагері Болат Күлімбетов. Кент тұрғыны күкірт қышқылы қоймасы мен тұрғын үйлердің арасы 500 метрге де жетпейтінін айтты.

"Бұл жерде 6 цистерна тұр. Әрқайсысы мың текшеметр. Сонда 6 мың куб. Халықтың жағдайы қалай болады? Бұл күкірт қышқылы ғана емес, оның буы да зиян. Буына адам тұншығып, өкпеге әсер етіп, өліп кетуі ықтимал. Өте зиянды қышқыл", – деді медицина саласының ардагері Болат Күлімбетов.

Аудан әкімдігі жобаны жүзеге асырушы компания ешбір ескертулерді елемей отырғанын жасырмады. Тіпті бірнеше мәрте сотқа беріп, құзырлы органдарға арызданған.

"Бұл құрылыс бойынша облыстық экономикалық сотқа талап-арыз жаздық. Ол экономикалық сотта қаралуда. Құрылысты тоқтату мақсатында прокуратураға да арыз бердік. Тағы да басқа құзырлы органдар арнайы жұмыс жасап жатыр", – деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов.

Бүгінде экономикалық сот аудан әкімдігінің талап-арызын кері қайтарған. Осылайша көптің көкейіндегі күмәнді жоба халық қанша қарсы болса да жалғаса бермек. Бірақ мұның мәнін ашып айтып, анық түсіндірген ешкім жоқ.

Асқар Сәрсенұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Таразда күрделі жөндеуден өткен баспана 4 айға жетпей бүлініп жатыр

Новости партнеров