Қазақстан автонарығында қытай көліктерінің үлесі 39 пайызға жетті

06.02.2025 18:38

Автосарапшы Әділбек Орынбаевтың айтуынша, технологиялық жағынан көрші елде өндірілген көліктер әлдеқайда алға озып кеткен

Қазақстан автонарығында қытай көліктерінің үлесі 39 пайызға жетті. Ресми дилерлер бір жылда 250 мың 111 машина сатқан. Бұл елдегі автомобиль қауымдастығының деректері, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның автомобиль қауымдастығы Қытай брендінің машиналары нарықты жаулап жатқанын айтты. Автосарапшы Әділбек Орынбаевтың айтуынша, технологиялық жағынан көрші елде өндірілген көліктер әлдеқайда алға озып кеткен. Маман қытай брендімен Қазақстанда шыққан темір тұлпарлардың жақсы жасалатынына сенімді. Одан бөлек басқа да тиімді тұстарын жіпке тізді.

"Қытай көліктері нарыққа келгелі сапасын арттырып жатқанын байқадық. Әсіресе машинаның жабдықталуы заманауи екенін көреміз. Оның үстіне  машиналар арзан пайызбен де сатылуда. Қолжетімді болған соң, халыққа осы ыңғайлы болып тұр. Машина ала сала дилер немесе өндіруші 5 жылдық кепілдік береді. Жаңа көлік сыр бермейтіні анық қой. Сондықтан, тұтынушыларға түсіністікпен қарауымыз керек", – деді автосарапшы Әділбек Орынбаев.

Ал бір автосарапшы Оңғар Тоқанов автомобильдер қауымдастығының статистикасына сенбейді. Ол Қытай машиналарының нарықтағы үлесі 39 пайыздан көп деп есептейді. Оның айтуынша, ресми диллерлерден бөлек жеке тұлғалардың бірнеше машинаны әкеп сататынын ескерсек, Қазақстанда жүрген көліктер әуелде айтқан саннан бірнеше есе көп болуы мүмкін.

"Қаншалықты электронды құрылғылары көп болса, жылдар өте ол тозады. Тозған металлды ауыстырасың ғой, электронды құрылғыларын ауыстыру оңай емес, мүмкін де емес. Сондықтан жыл өткен кезде бүлінген электронды құрылғылары құнын көлік азайтады. Бірнеше жыл өткеннен кейін Қытайда жасалған көліктердің сапасын білеміз. 5-6 жылдан кейін тура сол зауыттан шыққан қалпында тұруы екіғайбыл", – деді автосарапшы Оңғар Тоқанов.

Ал жүргізушілердің пікірі әртүрлі. Автонарықтың жаңарғанын бірі қолдаса, кейбіреуі басқа мәселе көтерді. 

"Ешқандай шағым жоқ. Жақсы", – деді қала тұрғыны.

"Оны білмеймін, ескі машинамен жүре берем", – деді қала тұрғыны.

"Менің танысым жақында сатып алды. Көліктің құрал-сайманын 2 ай күтті", – деді қала тұрғыны.

Қытай көліктеріне қатысты қазір тұтынушының да, сарапшылардың да пікірі екіге бөлініп отырғанын байқадық. Бірі, сапасына сенімді машиналарды таңдаса, кейбір адамдар Қытай брендін пайдаланып көруде.

Есте болса, кәріс көліктері автонарыққа кіргенде күмәнмен қарағандар аз болмады, мәселе уақыт еншісінде.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: 2024 жылы елімізге Қытайдан 655 мың турист келді