Қазақстанда пәтер жалдау құны қымбаттауы мүмкін

16.04.2025 21:29

Жыл соңына дейін жалдау ақысы 5-10%-ға өсуі мүмкін

Аlmaty.tv

Биыл Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үйдің бағасы 5-10%-ға қымбаттауы ықтимал. Бұл туралы ҚР жылжымайтын мүлік федерациясының төрағасы Ермек Мүсірепов мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі LS агенттігіне сілтеме жасап.

Е. Мүсірепов қазіргі кезде пәтер мен үй сату-сатып алу нарығында белгілі бір баяулау үрдісі байқалатынын жеткізді.

Сондай-ақ Е. Мүсірепов "Отбасы банк" пен коммерциялық банктер тарапынан қосымша несие бағдарламаларының енгізілуі нарықты жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты ол алдағы үш ай ішінде нарықтағы жағдайды жіті бақылау қажет екенін алға тартты.

"Егер сату-сатып алуда қиындықтар туындаса, жалға беру бағасы артады. Сондықтан жыл соңына дейін жалдау ақысы 5-10%-ға өсуі мүмкін. Бұл ең алдымен жылжымайтын мүліктің орналасқан жері мен төлем әдісіне байланысты болады", - деді ол.

Тұрғын үй бағасына қатысты Е. Мүсірепов жыл соңына дейін нақты қандай өзгеріс болатынын болжау қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір жаңа Салық кодексінің жобасы талқылану үстінде, ал бұл өзгерістер бір шаршы метрдің құнына ықпал етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қауіпті дәрі берген: дәрігер 15 науқасты өлтірді деп айыпталды