Жалпы F20 диагнозымен (шизофрения) 39 334 адам динамикалық бақылауда тұр
Елімізде психологиялық ауытқуы бар кәмелет жасына толмаған балалар мен жасөспірімдер арнайы орталықта емделеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
- 2025 жылғы 12 ақпандағы жағдай бойынша елімізде динамикалық бақылауда тұрған психоактивті заттарды қолданбайтын мінез-құлқы психикалық бұзылған (ауытқуы бар) 20 4408 адам бар. Оның ішінде 44 781 кәмелет жасына толмаған балалар мен жасөспірімдер. 2023 жылғы статистика бойынша ел аумағында 19 8421 адам тіркелді, оның ішінде 41 023 пациент кәмелетке толмаған, - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің жауабында.
Атап айтқанда, F20 диагнозымен (шизофрения) 39 334 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның арасында 301 кәмелетке толмаған (2023 жылы – 39002 адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар-290 адам) бала мен жасөспірім бар.
- Мінез-құлқында психикалық ауытқуы бар кәмелетке толмаған жандарға еліміздің 20 өңірінде психикалық денсаулық орталықтарында, одан бөлек республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында қолдау, көмек көрсетіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 613 бала психиатриялық орталықтарға орналастырылды. Оның ішінде 573-і өңірлердегі психикалық денсаулық орталықтарына және 40 республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығына жайғастырылды, - дейді ведомстводан.
Денсаулық министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, өткен жылы елімізде кәмелетке толмаған 10 595 бала және жасөспірім стационарлық жағдайда ем алған, оның арасында F20 диагнозымен, яғни шизофрения дертіне шалдыққан 178 адам бар.
- Өңірлердегі психикалық денсаулық орталықтарында 9865 кәмелетке толмаған адам стационарлық емдеуден өтті, оның ішінде F20 (шизофрения) диагнозы қойылған 157 адам бар, ал республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында барлығы 730 кәмелетке толмаған адам стационарлық емдеуден өтті, оның ішінде 21 жасөспірімге F20 (шизофрения) диагнозы қойылған, - деп толықтырды ведомство.
Еске сала кетсек, елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған.
Дәрігерлер зардап шеккен балаға дереу ота жасап, психологиялық көмек көрсетті.
Сондай-ақ елордалық дәрігерлер жасөспірімнің пышақпен шабуылына ұшыраған 5 жасар балақайдың жағдайы ауыр екенін айтқан еді.
Оқи отырыңыз: Лифтіде балаға шабуыл жасаған жасөспірімнің қазір қайда екені белгілі болды