Қазақстандықтар бір жылда 304 млрд теңге айыппұл төлеген

20.02.2025 21:27

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ресми мәлімет жариялады

Қазақстанда соңғы бір жылда әкімшілік құқықбұзушылық үшін салынған айыппұл сомасы 64 пайызға өскен. Бұл - Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жариялаған ресми мәлімет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері көтерілді. Сәйкесінше, әлеуметтік көмек түрлері, жәрдемақы, зейнетақы да ұлғайды деп бір марқайып едік. Алайда АЕК-тің өсуі қалтаны жұқартқаны тағы бар. Неге десеңіз, айыппұл сомалары да шарықтап кеткен. Мұны Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми парақшасынан аңғаруға болады. Ондағы мәліметте былтыр 12 айда салынған айыппұл мөлшері 304 миллиард теңгеден асқаны жазылған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 63,9 пайызға көп. Ал 2019 жылы жағдай мүлдем басқаша болған. Ол кезде азаматтар 72 миллиард теңгеге жуық ақшалай жаза арқалапты. Яғни соңғы 5 жылда салынған айыппұл көлемі 4,2 есеге өскен. Қадағалаушы органның өзі мұның рекордтық көрсеткіш екенін атап өтті. Бұл ретте қарапайым халықтың көкейінде «бұған не себеп?» деген сұрақ туындайтыны орынды. Мұны құзырлы мекеме өкілдері ережені елемейтіндердің көбейіп кетуімен байланыстырып отыр.

Нақтырақ айтсақ, елімізде соңғы 5 жылда заңбұзушылық 2,5 есеге көбейген. 2019 жылы 6 миллионның төңірегінде іс қаралса, былтыр 15 миллионнан аса тәртіпке бағынбау жағдайы тіркеліпті.

Тиісінше, әрбір құқықбұзушылық үшін мынадай әкімшілік жаза қарастырылған:

  • азаматтардың 84 пайызы ақшалай жаза арқалаған;
  • 12 пайызына ескерту берілген;
  •  0,6 пайызы әкімшілік қамауға алыныпты.
  •  Ал заңға бағынбаған кейбір шетелдіктер тіпті елден шығарылған.

Қорытындылай келе, ережені елемегендердің көбейгені - тәртіпті қатаңдатуға сеп болған сыңайлы. Бұл ретте Үкімет «айыппұл арқаламаймын десеңіз, заңды бұзбаңыз» дегенді алға тартады.

Ең алдымен – жол жүру ережесін бұзғандарға ең көп ақшалай жаза тағайындалған. Мәселен, былтыр ел азаматтарына салынған жалпы айыппұлдардың 45 пайыздан астамы жүргізушілерге тиесілі болып шықты. Бұл дегеніміз – 139,5 миллиард теңге. Көлік тізгіндеген бұл азаматтар – жылдамдықты асырған немесе жол белгілерін елемеген. Ал қалған 164 миллиард теңгеден аса айыппұл түрлі салаларға тиесілі. Мәселен экологияға зиян келтіргендер былтыр 81 миллиард теңгеге жуық айыппұл арқалған. Одан кейінгі кезекте - салық салудағы заң бұзғандар, қоғамдық тәртіпті бұзғандар, сондай-ақ сауда мен қаржы саласындағы олқылықтар.

Ал енді өңірлерге тоқталсақ. Әкімшілік жаза бойынша көшті Маңғыстау облысы мен Алматы қаласы бастап тұр. Маңғыстауда 40 миллиард теңгеге жуық айыппұл экологияға қатысты тағайындалған. Өйткені ондағы кәсіпорындардың қалдықтары белгіленген нормадан асып кеткен. Ал Алматыда жол ережесін бұзғандар 40 миллиард теңгенің төңірегінде ақшалай жазаланған. Алайда айыппұл төлемеудің де айласы табылған секілді. Сала мамандары «егер азаматтар жазаны ақшамен өтей алмаса, Әкімшілік кодекске енгізілгелі жатқан жаңа заңның көмегіне жүгіне алады» дейді.

"Қоғамдық жұмыстарға тарту деген бапқа жаңадан әкімшілік шара қолданылуда. Негізі бұл норма 2025 жылы қыркүйекте жүзеге асады. Бұл норманы шетелдік тәжірибеден қарастырсақ, көптеген елдер қолданады. Мысалы, Ұлыбритания, Германия, АҚШ-та бұл норма оң нәтиже көрсеткен. Сол себепті бізде де қолданылмақ. Яғни Қазақстанда "айыппұл төлей алмаймын" басқа жаза таңдауға мүмкіндігі бар, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің профессоры Жанар Кегембаева.

Еске сала кетейін, биыл қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш – 3932 теңге болып бекітілді. Осыған байланысты қоғамдық орында түкірсеңіз немесе көршілерге маза бермей, беймезгіл шуласаңыз 19 600 теңге айыппұл төлеуге міндеттелесіз. Ал бір жыл бұрын бұл сома 18 460 теңге еді. Сондай-ақ қоқысты пәтер алдына немесе кіреберіске қалдырсаңыз, 78 мың теңгеден аса айыппұл арқалайсыз. Егер қоғамдық орында балағат сөз айтсаңыз, 78 640 теңгеге қалтаңыз жұқарады. Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға жаза тіпті қатаң. Олар 11 миллион теңгеден аса сома өтеуі қажет болады. Ал Үкімет «әкімшілік жазалардың қатаңдауы – қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді» дейді. Осындай шаралардың арқасында былтыр жол апаты 15 пайызға кеміген. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «тәртіпке бағынған құл болмайды». Бірақ қауіпсіз қоғам құрамыз деп, халықтың қаржылай жағдайын қапы қалдырмасақ болғаны.

Оқи отырыңыз: Еліміз Түркияға ет экспорттамақ