Қазақстандықтар депозитін үздік ондыққа кіретін банктерде ашқан

18.02.2025 20:48

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар сенімді әрі ірі қаржы институттарын таңдағанды жөн көреді

Қазақстандықтардың депозиттегі жинағы рекордтық көрсеткішке жетті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, ол 24 триллион теңгеден асқан. Бұл – елдегі барлық банк салымдарының 57,8 пайызы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар сенімді әрі ірі қаржы институттарын таңдағанды жөн көреді. Сәйкесінше, депозит салымдарының 90 пайыздан астамы үздік ондыққа кіретін банктерде жинақталған.

2024 жылдың қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктердегі салымдары қарқынды түрде өсіп, 24,6 трлн теңгеге жеткен. Жылдық динамика бойынша 21 қаржы ұйымының 17-сінде, оның ішінде халық салымдарын жинақталған үздік ондықтың барлығында өсім байқалған. Қазақстандықтар сенімді әрі ірі қаржы институттарын жиі таңдайды. Осылайша, екінші деңгейлі банктердің үздік ондығына халық салымдарының 95,6 пайызы немесе 23,5 трлн теңге қаражат салынған.

Айта кетейік, қазір депозит бойынша мөлшерлемелер бұрынғымен салыстырғанда жоғары. 2023 жылдың қараша айында Қазақстан Ұлттық банкі алғаш рет базалық мөлшерлемені бірден 1 пайыздық тармаққа көтеріп, 15,25 пайызға жеткізді. Сәйкесінше былтыр да бұл мөлшерлеме өзгеріссіз қалды. Келесі шешім алдағы наурыз айында қабылданады, сондықтан дәл қазір депозит ашып, қолайлы шарттарды бекітіп алу тиімді болып отыр.

Заңды тұлғалардың қазақстандық банктердегі былтырғы депозиттік портфелі 18 трлн теңгеге жуықтаған. Осылайша жылдық өсім 22,1 пайызға жеткен. Бұл қаржының 89 пайызы жеке тұлғалардікі секілді ірі банктерде жатыр. Кәсіпкерлер де өз қаражатын сенімді қаржы институттарында сақтайды. Еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, салым көлемінің артуы экономикалық агенттердің банк жүйесіне деген сенімінің көрсеткішін байқатады.  Жалпы алғанда, 21 банктің 19-ы депозиттік портфель бойынша оң көрсеткішке ие. Бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазіргі көрсеткіш 2,1 есеге, ал онжылдық динамика бойынша 2,6 есеге ұлғайған. Банк секторының және бизнес депозиттер сегментінің тұрақты өсімі алдағы уақытта да сақталуы тиіс. Бұған қазіргі статистика мен халықаралық агенттіктердің отандық қаржы құрылымына қатысты болжамдары дәлел. Мысалы, S&P Global Ratings Қазақстанның BICRA рейтингіндегі позициясын жақсартып, банк секторының тәуекел деңгейін 8-ден 7-ге көтерген. Мамандардың айтуынша, елде тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу жүйесінің қарқынды дамуы депозит салымдарының артуына септігін тигізген.

– Мына нәрсені ерекше атап өту керек. Азаматтардың банктерде жинаған ақшасы бола тұра, олар тауарлар мен қызметтерді сатып алғанда немесе демалысқа шыққанда, көбінесе өз жинақтарын жұмсамайды, керісінше, бөліп төлеуді таңдайды. Себебі бұл – тиімді. Бізде тауарлар мен қызметтерге пайызсыз бөліп төлеу қарастырылған, яғни олардың құны өзгермейді. Сондықтан адамдар жинақталған қаражатын жұмсамай, тиімді шарттарды пайдаланып, бөліп төлеу арқылы сатып алуды жөн көреді. Бұл үрдіс халықтың банк депозиттеріне деген қызығушылығын арттырып, салымдардың өсуіне ықпал етті, – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас талдаушысы Рамазан Досов.

Бұл факторлар халықтың, әсіресе жастардың қаржылық сауатының артқанын аңғартып отыр. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының «Elim» маркетингтік және әлеуметтанулық зерттеулер институтымен бірлесе жасаған сауалнамасының нәтижесінде, жастардың үштен бірі ақшасын банкке сеніп тапсыратыны белгілі болды. Ондағы валюталық таңдау бойынша жинақтардың 80 пайызы теңгеге тиесілі, 10 пайызы шетел валютасы, ал қалғандары бірнеше валютаны біріктірген. Сондай-ақ, жас салымшылардың үштен бірі банк таңдауда жоғары пайыздық мөлшерлемеге басымдық береді екен. Көпшілік депозитті оңай толықтырып, шешуге болатын ыңғайлы мобильді банкингті де маңызды деп санайды екен. Ал 10 пайызы бонус, кэшбэк және банк арқылы несие алу мүмкіндігін ескереді. 24 пайызы депозит ашқанда банктің беделіне назар аударатын көрінеді.

Еске сала кетейік, жеке тұлғалардың салымдары заң бойынша сақтандырылған. Егер қаржы мекемесі лицензиясынан айырылса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдендірілген өтемақы төлейді. Оның мөлшері депозит түрі мен валютасына байланысты.

Оқи отырыңыз: Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалады