Кәсіп иесінің айтуынша, күніне кемі 10-15 адам дүкенге соқпай өтпейді
Ұлттық киім – трендте. Бұрын тек той-томалаққа арнайы тіктірілетін қазақы нақыштағы шапандар, камзол, көйлектер қазір сән мен салтанатты үйлестірген ыңғайлы киімге айналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тоғжан Нұрланқызы – ұлттық киім тігуді қолға алып, оны халыққа дәріптеп жүрген кәсіпкер. Ол өз дүкенін 1 жарым жыл бұрын ашқан. Көздің жауын алатын сәнді көйлектер мен шапандарды сатып қана қоймай, жалға береді. Кәсіп иесі қазақы нақыштағы киімге деген сұраныс мереке мен той күндерін қоспағанда, күнделікті тұрмыста да жоғары екенін айтады. Сөзінше, күніне кемі 10-15 адам дүкенге соқпай өтпейді.
«Бұл саланы таңдаған себебіміз, ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс жылдан жылға артып жатыр. Этно комплекттерді жиындарда, тойларда, мерейтойларда киеді. Оларды тек мерейтойларда емес, жай күнде де кисе болады. Өйткені шапандарымыз өте ыңғайлы және әдемі. Оларды жалға ғана емес, тіктіртіп те алса болады», – деді кәсіпкер Тоғжан Әлімбай.
Тоғжан Нұрланқызының дүкенінде ою-өрнекпен көмкерілген, табиғи материалдан жасалған 150-ге жуық ұлттық киім түрі бар. Тек қыз-келіншектерге ғана емес, ерлер мен балаларға арналған топтамалар да ұсынылған. Сән мен салтанат үйлесім тапқан бұл киімдер бүгінде тек оңтүстік астанамызда ғана емес, еліміздің әр өңірінде сұранысқа ие.
«Қызымыздың тұсаукесер тойына алып жатырмыз. Бұйырса бір жасқа толып жатыр. Ана мен бала киімін алғымыз келген. Қазақи киімдер қайтадан сәнге айналып жатыр. Сондықтан қызым екеуіміздікі бірдей болсын деп таңдап келдік», – деді Семей қаласының тұрғыны Аманай Қожекеева.
Тоғжан Нұрланқызының ұлттық киім дүкені – дәстүр мен заманауи сәнді үйлестірген ерекше орын. Мұнда сүндет тойға, тұсаукесерге, ұзатуға әзірленген кестелі көйлектер мен күнделікті киюге ыңғайлы этно-комплекттер ұсынылған. Ұлттық нақыштағы бұл киімдер мәдениетті насихаттап, дәстүрді жаңғыртуға өз үлесін қосып келеді.
Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы
Оқи отырыңыз: Қазақстан бойынша айт намазының кестесі шықты