Кене ауру таратпай ма: атыраулықтар өлекседен далаға тараған кенені улап әлек

08.04.2025 18:37

Астанадан келген мамандар барлық ірі қарадан сынама алды

«Атырау облысы Құрманғазы ауданында кене қаптады. Салдарынан киіктер жаппай қырылуда», деп дабыл қаққан шаруалар өлекселердің жазық далада шашылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зиянкес әсіресе Азғыр, Асан, Сүйіндік елдімекендерінде көбейген. Жайылымда қаптаған кене төрт-түлік пен киікті шетінен қырып жатыр. Қазір шаруалар өз бетінше улау жұмысын жүргізіп, егуді бастаған. Астанадан келген мамандар барлық ірі қарадан сынама алыпты.  Ал шаруалар ауру адамға жұға ма деп алаңдаулы. 

«Малдың үсті түгел кене. Киіктің өлекселерінен жерге тарап малға тарап отыр. Өзіміз тазалап, егу жұмысын жасап жатырмыз. Астанада келген мамандар малдың үстіндегі кенені көріп, сынама алды. Жылқы, киіктің өлгенін көрді. Халыққа, малға зияны бар ма сынамадан соң анықталмақ. Қалай да зиян келтіріп тұр», – деді шаруа Бек Қапуанов .

Ал салаға жауаптылар нақты қанша киіктің қырылғанын білмей отыр. Себеп-салдарын анықтап жатырмыз деп ақталды. Сынама қорытындысы тек екі аптадан соң белгілі болады. Мұндай жағдай аймақта алғаш рет тіркеліп отырған көрінеді.

«Құрманғазы ауданындағы Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтерінің аумағында орналасқан шаруалар шағымы бойынша даладағы жабайы киіктердің денесіндегі кененің жануарлар денесіне көшіп, шамадан тыс көбеюуіне қатысты шағым түсті. Аталған шағымға байланысты ғылыми зерттеу институтының мамандар тобы шақыртылып, киіктердің аса қауіпті ауруларына қарсы зерттеу жұмысын жүргізу үшін сараптама алынуда. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деді Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Асыланбек Шәріпов. 

Қырылған киіктердің өлекселері түгел өртелді. Сонымен қоса улау, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Атырауда тұрғындар нәжіс иісіне тұншығып отыр