Шу мен Қордай арасындағы жолды жөндеуге 20 миллиард теңге бөлінген

08.04.2025 19:05

Жол жөндеу жұмысы тағы 2 жылға кешікпек

Жамбыл облысында республикалық маңызы бар тас жолды жөндеуге 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алайда жұмыс әлі тұралап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Шу-Қайнар» тас жолы – республикалық маңызы бар күре жолдың бір бөлігі. 56 шақырымға созылып жатқан бұл жерге соңғы рет 54 жыл бұрын асфальт төселген. Содан бері тек жамау көріп келеді. Салдарынан жаңбыр жауса лайға, қар түссе қауіпті аймаққа айналып отыр.

Шу мен Қордай арасындағы бұл жер жүргізушілерді шығынға батырып отыр. Ойдым-ойдым тас жолда көліктері сынып, тұрып қалатындар көп. Осындай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін темір тұлпар иелері жарты сағаттық жолды бірнеше сағат жүруге мәжбүр.

 «Жол жүруге болмайды, шынын айтқанда. Машина шашылып жатыр. Жолдың сапасы нашар», – деді жүргізуші Әбдіқадыр Әділов.

Республикалық маңыздағы бұл тас жолды жөндеу биыл аяқталуы тиіс еді. Оған бюджеттен 19,3 млрд теңге бөлінген. Алайда тендерді ұтқан құрылыс компаниясы жұмыстың тек 5 пайызын ғана істеген. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» өкілдері мердігерді сотқа беріп, қаржыны қайтаруға мәжбүрлеген. 

«Серіктестік осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты көпір мен суағарлардың құрылысымен айналысқан. Жол жұмыстарына кіріспеген. Сондықтан сотқа беріп, қалған қаржыны бюджетке қайтардық. Қазір қайтадан конкурс жариялап отырмыз. Құрылыс мамырда басталады деп ойлаймын. Жұмыс шамамен  2027 жылы аяқталады», – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиал басшысының орынбасары Дәурен Әмренов.

Жол жөндеу жұмысы тағы 2 жылға кешікпек. Дәл осындай жағдай былтыр Күйік асуында да болған. Мұнда да жосықсыз мердігердің кесірінен 6,2 млрд теңгенің жұмысы тұралап тұр.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Кентаудан Түркістанға баратын жол құрылысы қашан басталады