Мамандардың сөзінше, қаладағы апаты ағаштардың барлығын 2026 жылға дейін кесіледі
Қолайсыз ауа райы салдарынан Алматыда кеше 28 ағаш құлап, 3 тұрғын үйдің шатыры бүлінді. Ал қала аумағындағы жауын-шашын мөлшері 15 милиметрге жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таугүл ықшам ауданында орналасқан 5 қабатты үйдің шатыры дүлей дауыл салдарынан бүлінді. Жақында жөндеуден өтсе де, нысанның негізгі бөлігі екпінді желге шыдамады. Ал оның қираған сәтін тұрғындар ұялы телефондарына таспалап үлгерген.
Ал ықшам аудандағы №52 үйдің де шатырына зақым келген. Ал желмен ұшқан қирандылар маңайдағы көліктердің шанағын бүлдірген.
«Тынышталғаннан кейін есіктің алдына шыққанбыз. Көліктің үстінде жатқан шатырды байқадық», – деді қала тұрғыны Ермек Дүйсебаев.
«Балконның есігі ашық тұрған. Үйге топырақ, құм кірді. Мамандар қолайсыз ауа райының салдарынан бүлінген заттарды жинап алды», – деді қала тұрғыны Мейрамгүл Даниярова
Ал бұл бейнематериалдың авторы егде жастағы адамның үстіне темір бөлшектің түскенін айтып отыр. Бірақ кадрлардан қарияға бірден көмек көрсетілгенін аңғаруға болады.
Тазалыққа жауаптылар түнгі сағат 24:00-ден бастап таңға дейін көшелерді жуып, қоқысты жинады. Ол үшін 376 техника да жұмылдырылған. Ал күндіз 700-ден аса маман жұмысқа шыққан.
«Магистралды көшелердің барлығын қалпына келтірдік. Қоқыс шығарылды. 365 техника, 718-720-ға жуық жұмысшы жұмылдырылды. Қосымша 3 мекемемен келісімшарт бар. Олар да 150-ге жуық жұмысшы тағы қосып жатыр», – деді «Алматы тазалық» МКК директорының міндетін атқарушы Архат Омаров
«Алматы қаласы және аудан әкімшілігі тарапынан барлық апаты ағаштарды кесу жұмысы жалғасып жатыр. Бұл 5 жылдық бағдарлама болып есептеледі. Алматы қаласында 84 мыңнан астам апаты ағаш бар. Оның 40 мыңға жуығы кесілді», – деді Жасыл қорды басқару бөлімінің бас маманы Мирасәли Ілиясов.
Мамандардың сөзінше, қаладағы құлауы мүмкін ағаштардың барлығын 2026 жылға дейін кесіледі. Екпінді жел салдарынан мүлкі зақымданған тұрғындар өтінім хат негізінде көмек ала алады. Ал «Қазгидромет» қызметкерлері елімізде алдағы үш күнде ауа райы тұрақсыз болатынын еске салады.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Кене ауру таратпай ма: атыраулықтар өлекседен далаға тараған кенені улап әлек