Биыл анимациялық, деректі және көркем фильмдердің әртүрлі секциялары бойынша біршама өтінім келіп түсті
Ұлттық кино орталығы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеу конкурсының бірінші кезеңін қорытындылады. Сараптама кеңесінің оң қорытындысына ие болған 128 сценарий мен сценарий жоспарыконкурстық іріктеудің екінші кезеңіне өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Киножобалардың тізімімен осы жерде таныса аласыз.
«Жауапкершілік арқалаған кеңес құрамына үздік жобаларды іріктеу оңай болған жоқ. Талаптар тасада қалмай, сценарийдің басым тақырыптарға сәйкес келуі, сюжет құрылымы мен драматургия принциптеріне баса назар аударылды. Осылайша, оң қорытынды алған жобалар екінші кезеңге жолдама алып отыр. Оза шыққандарға сәттілік тілеймін! Енді 18 сәуір-13 мамыр аралығында конкурстың екінші кезеңі өтеді. Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінде оң қорытынды алған үміткерлер қажетті құжаттарды электронды форматта тапсыруы тиіс. Құжаттарды тапсырғаннан кейін анықталған қателерді түзетуге 3 күн уақыт берілетінін еске саламын. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен жылы қолданысқа енген жаңа ережедегі өзгерістің бірі», – деп атап өтті Кино орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Айта кетейік, Кино орталығы конкурстық іріктеудің бірінші кезеңі бойынша құжат қабылдауды 13 наурызда аяқтаған болатын. Биыл анимациялық, деректі және көркем фильмдердің әртүрлі секциялары бойынша біршама өтінім келіп түсті. Электронды түрде тіркелген сценарийлер мен сценарий жоспарларының жалпы саны – 444. Сараптама кеңесінің қарауына 357 сценарий мен сценарий жоспары ұсынылды. Оның ішінде көркем фильмдер бойынша 242 сценарий, анимациялық фильмдер 32 сценарий, деректі фильмдер бойынша 83 сценарий жоспары бар.
Сәйкесінше, Сараптама кеңесі жобалардың биыл қаңтар айында жарияланған басым тақырыптарға сәйкестігін, киножобаның сценарийі немесе сценарий жоспарының тұжырымдамасын, сонымен қатар сценарийдің техникалық тұсын, кейіпкерлердің бейнесінің ашылуын ескерді.
Оқи отырыңыз: Киножобалар байқауының екінші кезеңі басталды