Кітап күнінде 233 ауыл мектебіне 13 мыңнан астам кітап таратылды

24.04.2025 13:41

Әр мектепке арнайы әзірленген 60 түрлі кітаптан құралған жинақ берілді

Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Дүние жүзілік кітап күніне орай ұйымдастырылған жоба аясында өңірдегі 233 ауыл мектебіне жалпы саны 13 980 дана кітап жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әр мектепке арнайы әзірленген қорап ішінде 60 түрлі кітаптан құралған жинақ берілді. Бұл жинаққа қазақ және әлем әдебиетіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармалар енген. «Қазақ тарихының әліппесі», «Алаш жылнамасы», «Қош бол, майдан», «Соңғы соққы», «Ағыраптағы аты жоқ адам» секілді рухани мазмұны терең шығармалар бар.
Жобаның мақсаты – ауыл мектептерінің кітапханаларын мазмұнды кітаптармен толықтырып, балалардың кітап оқуға деген ықыласын арттыру, Абай өңірінде оқу мәдениетін дамыту. Бұл бастама балалардың ойлау қабілетін арттыруға және тілдік қорын байытуға ықпал етеді.
Кітаптар Аягөз қаласынан өңір мектептеріне жөнелтілді. Аудандық, қалалық білім бөлімі басшылары, ауыл мектептерінің кітапханашылары ерекше қуанышпен қабылдады.
Кітаптар тек таратылып қоймай, олардың оқылуы да назарда болады. Жыл соңында осы жинақтар бойынша оқушылар арасында байқау ұйымдастырылып, үздіктерге бағалы сыйлықтар табысталады.

Оқи отырыңыз: 1 қыркүйектен бастап мектеп оқушылары жаңа стандарт бойынша тамақтанады