Қызыл жалын 350 шаршы метрден астам аумақты шарпып үлгерген
Алматыдағы қоймалардың бірінде болған өрттің шығу себебі анықталып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше,бұл іске анықтау бөлімінің және өрттің себебін зерттеу мен сынақ зертханасының мамандары кіріскен.
Қызыл жалын 350 шаршы метрден астам аумақты шарпып үлгерген. Төтеншеліктердің шұғыл әрекеті нәтижесінде өрт дереу сөндіріліп, оттың басқа ғимараттарға таралуына жол берілмеді.
"Өртті сөндіруге 70-ке жуық жеке құрам қызметкері мен 20 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде қызыл жалын жақын орналасқан ғимараттарға таралған жоқ", – деді ТЖД басқармасының бастығы Денис Ярцев
Мамандардың айтуынша, өрт базар аумағында орналасқан жеке қоймалардың бірінен шыққан. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Тілсіз жауды тоқтатуға жоғары вольтті электр желісінің жақын маңда орналасқаны қиындық тудырған. Төтеншеліктер тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.