Құрылысқа қазынадан 1 млрд 850 млн теңге бөлінген
Жамбыл облысында биыл пайдалануға берілуі тиіс 3 көпқабатты үйдің іргетасы қаланбаған. Жоспар бойынша, миллиардтап бөлінген қаржыға баспана салынып, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәуелсіздік алғалы Шу ауданында алғаш бой көтерген көпқабатты 3 үйдің құрылысы былтыр маусымда басталған. Жоба – жаңа Жетісу шағынауданындағы алғашқы баспана. Бірақ құрылыс алаңы 7 айдан бері қараусыз қалған. Іргетасының орны үңірейіп, бетон плиталары жарылып жатыр. Ал көзге көрінген құрылыс материалдарын ұрылар қолды қыла бастаған. Құрылысқа қазынадан 1 млрд 850 млн теңге бөлініпті. Ал мердігер мұнда 175 млн теңгенің жұмысын атқарып, құрылыс алаңынан кетіп қалған.
«170 млн теңге бір ауылға Мәдениет үйін салуға, абаттандыру жұмыстарын атқаруға, балалар ойын алаңын салуға жұмсауға болар еді. Еш нәтиже жоқ. Бір сөзбен айтқанда далаға кетті десек қателеспейміз», – деді Шу аудандық мәслихатының депутаты Мақсат Сұлтанғазиев.
Жоспар бойынша 3 үйдің әрқайсысы 8 айда аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ әкімдіктің құрылыс компаниясының жұмысына көңілі толмаған. Жауаптылар «іргетасының өзін талапқа сай салмады, мерзімінен кешікті» дейді Сондықтан келісімшартты үзу үшін сотқа берген.
«Іргетасы жасалған құрылыс жұмыстары тексерістен өтпей, комиссия «қайта бұзу керек» деген шешім қабылданды. Осыған байланысты мердігер міндеттемесін сметалық құжаттамаға сәйкес орындамағаны үшін облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берілді», – деді Шу ауданы әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев.
Сот процесінің қашан бітері белгісіз. Себебі бұған дейін 5 сот отырысы өтсе де, мердігер оның бірде-біріне қатыспаған. Салдарынан кезегін күткен отбасылар әрі қарай жалдамалы пәтер күнелтіп жүр. Ал Шу қаласында кеңестік кезеңнен қаңырап қалған бос үйлерге әлі күнге жөндеу жұмыстары жасалмаған. Аталған ауданда 2 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Өркениеттен ада қалдық: Петропавлдағы көпқабатты үйдің тұрғындары жарықсыз отыр