Көктем-2025: Тобыл өзенінің жағасында оқу-жаттығу өтті

07.03.2025 20:47

Құтқарушылар Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловтың жетекшілігімен жаттығып жатыр

Елде су тасқынына қарсы дайындық басталды. Өңірлерде «Көктем-2025» командалық-штабтық жаттығулары өтіп жатыр. Биыл республикалық штаб Қостанай облысында ұйымдастырылған. Құтқарушылар Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловтың жетекшілігімен жаттығып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқу-жаттығу жұмыстары Тобыл өзенінің жағасында ұйымдастырылған. Бұл  биыл Қостанайдағы қарашаны су басады деген сөз емес, дегенмен қауіпті кезеңге дайындық қажет. Қазір төтеншеліктер жаттығып жатқан аумақ былтыр қарғын судың астында қалған. Ал қазір соңғы үлгідегі құрылғылар, құтқару техникалары осында орналастырылған.

Іс-шара барысында тасқын кезінде болуы мүмкін оқыс жағдайлар пысықталды. Мәселен, «суға құлаған» көлік шығарылып, адамдар «өртке оранған ғимараттан» эвакуацияланды. Сондай-ақ вице-министр Рамиль Камаловқа қостанайлық төтенше жағдайлар қызметінің техникалары таныстырылды.

 «Қарасу өңірінің Арқалыққа жақын аумағы ылғалды болып тұр. Тобыл өзені бойынша болжам жасап жатырмыз. Көктемнің келгенін ескерсек, ағынның қарқыны әлі арта қоймаған. Қазгидрометпен де тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов.

Бірер күн бұрын вице-министрдің өзі Қарасу ауданына табан тіреді. Былтырғы қарғын судың зардабынан аталған аумақта әлі де төтенше жағдай режимі алынбаған.

Көктем биыл елімізге ерте келеді. Синоптиктердің сөзінше, күн райы былтырға қарағанда 2 градусқа жоғары болады. Ал қарғын судың қаупі төнсе, құтқарушылар қазірден сап түзеп тұр. «Көктем – 2025» оқу жаттығуына қатысқан қостанайлық төтеншеліктердің бір бөлігі Тобылдың жағасындағы жағдайды бақыласа, енді бірі су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізуге өңірдің оңтүстігіне аттанды.

Гүлмарал Изатқызы, Елисея Томашевская, Қостанай облысы

Оқи отырыңыз: Пышақпен қорқытты: әуе қауіпсіздігінің қызметкерімен психологтар жұмыс істеп жатыр