Қолжетімді медицина: Алматыда 6 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын жаңарту мәселесін кейінге қалдырмай нақты шаралар қабылдауды тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылға дейін 32 аудандық орталықта ауруханалар жаңғыртылып, бірқатар қалада жаңа медициналық мекемелер салынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрылтайда күн тәртібінде көтерілген өзекті тақырыптың бірі – қолжетімді медицина. Президент «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл ел бойынша 188 жаңа медицина нысаны салынатынын мәлім етті. Сонымен қатар Риддерде көпбейінді аурухана, Өскеменде гематология орталығы, Ақтауда жедел жәрдем стансасы, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығы, ал Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берілуі тиіс. Ал алып мегаполисте медициналық мекемелерді жаңғыртуға бөлінетін қаржы көлемі биыл айтарлықтай ұлғайып, 33 миллиард теңгеге дейін артып отыр, 28 жаңа нысан жобаланады. Екі жаңа емхананың құрылысы басталып, 6 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді.

«Биыл қаламыздағы  №7 және № 4 қалалық аурухана жанында қосымша ғимарат салынады. Сонымен қатар материалды-техникалық база жаңарады», – деді мәслихат депутаты, № 25 қалалық емхананың директоры Әкім Тұрсын

Алматыдағы ауруханаларды заманауи құрал-жабдықпен қамту мәселесі де назарда. Мамандар технологиялық база жеткілікті әрі барлық стандартқа сай екенін айтады. Былтыр елімізде алғаш рет «Фетальды хирургия» жобасы пилоттық негізде енгізілді. Алматыда бастау алған бірегей бағдарлама аясында жылына 150-ге жуық жатырішілік операция жасауға мүмкіндік туды. Қала емханаларында да жаңару үрдісі байқалады, бірқатар мекеме жаңа жобалармен толықты.

 «Қазіргі таңда ана мен баланың денсаулығына үлкен көңіл бөлініп отыр. Сондықтан үздік тәжрибелік орталықты ашқалы отырмыз. Бірінші қабатта «бала мен ана денсаулығын сақтау» орталығы ашылды. Операциялық бөлімше толық ашылып, құрал-сайманмен қамтамасыз етілді. Алматы қаласының тұрғындары мен облысы және елдің басқа да өлкесінен халыққы қызмет көрсетіліп жатыр», – деді № 10 қалалық емхана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ләйлә Сүлейменова.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын жаңарту мәселесін кейінге қалдырмай нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Медицина және әлеуметтік қызмет көрсету саласына бөлінген инвестиция көлемі 3,5 есеге көбейді. Президент әсіресе әр облыс орталығында аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту мекемелерін ашу қажет екенін ерекше атап өтті. Бұл – қоғамдағы маңызды мәселенің бірі. Ендігі мақсат – бұл жұмыстарды жүйелі түрде жандандыру.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Қосшыдағы автобус апаты: зардап шеккен 4 жастағы қыздың жағдайы ауыр

Новости партнеров