Өткен жылы өңірде осындай 13 дерек тіркелген
Павлодарда екі жасар бүлдіршін бесінші қабаттың терезесінен құлап, ауыр халде облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы облыстағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева мәлімдеді.
Облыстық балалар ауруханасы 2022 жылы туылған ұл баланың (2 жас 11 ай) сағат 8.50-де жедел жәрдем арқылы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенін хабарлады.
«Баланы кезекші дәрігер қараған соң оның жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Түскен кезде науқастың жағдайы ауыр. Балаға бас миының жабық жарақаты, ми шайқауы, бас миының контузиясы, өкпенің контузиясы, іш жарақаты диагноздары қойылды. Қазіргі уақытта бас миының томографиясы, оның ішінде мойын, кеуде қуысы, жамбас сүйектері тексерілуде. Баланы тексеру әлі жалғасуда, ауруханада түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Баланың әжесімен бірге болғаны да белгілі болды.
Аталған жайтқа пікір білдірген облыстық ПД өкілдері қазіргі кезде тексеру жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Полицияға Естай көшесінде 5-қабаттың терезесінен кәмелетке толмаған баланың құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Жарақат алған бала ауруханаға жатқызылды. Полиция тексеру жүргізуде.
Павлодар облысының полиция департаменті ата-аналарды жылы күндердің келуімен шақырады, балаларға өте мұқият болыңыз, олардың уақытын бақылаңыз, балалардың әрқашан сіздің көз алдыңызда болуын қадағалаңыз! Балалардың қауіпсіздігі сіздің қолыңызда және олардың денсаулығы мен өміріне тек ата-аналар жауап береді», - делінген ПД хабарламасында.
Өткен жылы Павлодар облысының аумағында осындай 13 дерек тіркелген.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі кезінде қандай басты ережелерді сақтау керек