Қазақстанда көмір бағасы соңғы 7 айдан бері үздіксіз қымбаттап, рекордтық деңгейге жетті. Ал өндіріс екінші жыл қатарынан құлдырап отыр. Бағаның өсуі – қатты отынды негізгі жылу көзі санайтын өңірлерде өзекті. Қатты отын құнының ең жоғарғы көрсеткіші Ақтөбе облысында, ал елдің шығысы мен солтүстігі, әрі Абай облысында да баға өсімі белең алып тұр. Қымбатшылыққа не себеп және бұл жағдайды қалай реттеуге болады? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы экономика ғылымдарының докторы, профессор Әзімхан Сатыбалдин жауап береді.
– Әзімхан Әбілқайырұлы, көмір бағасының шамадан тыс шарықтап кетуіне не себеп?
"Бүгінгі таңда энергетиканың тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдегі дағдарыс екені белгілі.Сондықтан тек көмір емес, мұнай, газ саласында қымбатшылық белең алды. Не себепті? Біріншіден, соңғы 5-10 жылдың ішінде Қазақстан жасыл экономикаға көшеміз деп міндеттеме алдық. Екіншіден, АЭС салу мәселесі, энергетиканың тапшылығы болмаса, мұндай шешім қабылдамайтын едік".
Сондлай-ақ көмірге көзқарасымыз төмен болып келді. Шынын айту керек, соңғы 30 жылда мұнай, газ саласын игеруге көңіл бөлінді. Сонымен қатар ауылдық жерлерде газ жоқ. Солтүстікке әлі газ жеткен жоқ. Астанаға енді жетіп жатыр. Осындай жағдайда көмірді көп пайдаланады.
– Қазақстанда көмір өндірісінің төмендеуіне қандай факторлар әсер етіп отыр?
"Көмірді жер қойнауынан алудың азаюына да көп себеп бар. Ең бастысы технология әбден тозды. Қарағанды және Екібастұз бассейінінен көмір алынады. Көмірді жер астынан алатын жаңа технология жоқ. Бәрі жекеменшікке өтіп кеткен. Шахтерлардың да жастары ұлғайды, кадр мәселесін де ойлану керек".
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жасалған: Алматыдағы сауда сөрелерінде отандық өнімге басымдық беріліп жатыр - министр