Кітапхана бір мезетте 100 адамға қызмет көрсетеді
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жаңғыртудан өткен қалалық кітапхана жаңа кейіпте қайта ашылды, еп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған игі іс облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асқан. Жаңаша келбетке енген рухани орда жастардың білім алып, еркін дамуына арналған көпфункционалды кеңістікке айналды.
Жаңа кейіпке енген Қонаев қалалық кітапханасы – бүгінде оқырман мен шығармашыл жандардың тұрақты мекені. Ғимарат кеңейтіліп, бір мезетте 100 адамға дейін қабылдай алады. Оқу залы, тіркеу бөлімі, абонемент секторы мен жеке жұмыс кабиналары – бәрі де заманауи талаптарға сай жабдықталған. Сонымен қатар коворкинг аймақ, жоғары жылдамдықты интернет пен шығармашылық кеңістіктер де қарастырылған.
«Бүгін – қала тұрғындары үшін өте қуанышты күн! Өйткені модернизациядан өткен Қонаев қаласының кітапханасы қайта ашылуда. Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес жасалынып отыр. 2024 жылы басталған күрделі модернизация жұмыстары аяқталып, қонақтарға ұсынылып отыр», – деді Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Төлегенов.
Жаңартылған кітапханада қауіпсіздік те басты назарда. Әр кітапқа чип орнатылып, арнайы құрылғы ұрлықтың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, пилоттық жоба ретінде кітапхананың тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұрын жылына он мың оқырманға қызмет көрсетілсе, енді бұл көрсеткіш екі еселенеді деген болжам бар.
«Модернизацияға дейін 32 орынға арналған болатын, қазір орын саны 3 есеге артты. Енді оқырмандар үшін кеңінен, молынан, еркін форматта қызмет ете аламыз», – деді Қонаев қалалық кітапханасының директоры Айгүл Ақтанова.
Қонаевтағы тың бастаманың үлгісімен биыл Шелек, Жандосов, Ұйғыр ауданы елдімекендеріндегі кітапханалар да жаңғыртылмақ. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында да осындай мәдени жобалар қолға алынбақ.
Мәди Мәлік. Ялкунжан Әшімжанұлы
Оқи отырыңыз: Киножобалар байқауының екінші кезеңі басталды