Жыл басында Түркістан-Кентау трассасының бойында екі көлік соқтығысып, ішіндегі 6 адам мерт болды, ал 4 адам жарақат алды
Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы бері қасындағы шағын шаһар Кентау да қатар дами бастады. Барыс-келіс артқан соң жолдағы көлік ағыны көбейген, деп хабарлайды
Дегенмен, екі қаланы байланыстыратын жол тар. Соның салдарынан соңғы кезде жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр.
Жыл басында Түркістан-Кентау трассасының бойында екі көлік соқтығысып, ішіндегі 6 адам мерт болды, ал 4 адам жарақат алды.
Аталған мәселе жуырда Парламент Мәжілісінде де көтерілді. Депутат Ұласбек Сәдібеков Үкіметке өңірдегі транзиттік әлеуетке қатысты депутаттық сауал жолдады.
"Түркістан қаласының қасында, яғни 30 шақырым жерде Кентау қаласы орналасқан. 100 мыңнан астам халқы бар шағын шаһар тұрғындарының басым бөлігі Түркістанда қызмет етеді. Сондай-ақ, ұл-қыздары Түркістандағы университетте оқиды. Екі қаланың ортасы жарты сағаттық жол болғандықтан Түркістанға алыс қаладан келушілер Кентауда пәтер жалдап тұрады. Бір сөзбен айтқан қос қалада тіршілік қайнап жатыр. Сондықтан ең алдымен кентаулықтар Түркістанға барар жолды кеңейтіп беруді сұрайды. Бұл жолмен Созақ ауданы арқылы Жамбыл облысына да шығуға болады. Сол себептен Түркістаннан Кентауға дейінгі аралық 4 жолақты болса деген жергілікті тұрғындардың өтініші бар", — деді Ұласбек Сәдібеков.
Кешегі күні Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кентаулықтармен кездесті. Аталған жиында қос қаланы жалғайтын жол жайы тағы да көтерілді.
Тұрғындардың өтінішіне жауап берген облыс басшысы әзірге Түркістан-Кентау арасындағы жолды кеңейту жоспарда жоқ екендігін жеткізді.
"Айналма жолдардың жобасы қарастырылған. Биыл бастаймыз ба деген жоспарымыз бар. Кептеліс болса да, жол апаты болса да — бәрі өзімізге байланысты. Жол белгілерінің барлығы қойылған. Егер жол ережесін, жылдамдық межесін ешкім бұзбаса, бәрі дұрыс болады, ешкім апатқа ұшырамайды", — деді Нұралхан Көшеров.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оқи отырыңыз: Қонаевта қалалық кітапхана ашылды