Көрісу – бірегейлігімізді танытатын керемет дәстүр

Алматының ең биік нүктесі Көктөбеде мейрам сән-салтанатымен өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ даласының әр мезгілі өзінің мінезімен, салтымен, ғұрпымен келеді. Соның ішінде көктемнің орны ерекше. Қыстың ызғарынан кейін күннің шуағына бойы жылынған жұртшылық табиғаттың жаңаруына, тіршіліктің оянуына куә болады. Осы уақытты қазақ халқы ежелден «Амал» немесе «Көрісу күні» деп атаған. Бүгін алып шаһар Алматының ең биік нүктесі Көктөбеде мейрам сән-салтанатымен өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көрісу күні - Наурыз мейрамының бастауы. Бұл күнінің тарихы тереңде жатыр. Ертеде қазақ халқы жаңа жылды Шығыс күнтізбесі бойынша 1 наурызда қарсы алған. 1918 жылы Кеңес өкіметі жаңа Григориан күнтізбесін енгізді. Осы өзгерістен кейін бұрынғы күнтізбе мен жаңа күнтізбе арасында 13 күн айырмашылық пайда болған. Содан бері бұрынғы 1 наурыз қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға ауысып, халық жадында «Көрісу күні» деген ерекше дәстүр болып сақталып қалған.  

«Григориан және хижра дейтін екі есеп бар. Оны қазақтарда Шәмсия және Қамария есебі дейді. Қамария есебі бойынша,14 наурыз – Көрісу күні. Батыстың ұстанып отырған Амал мейрамы, «Мәз» дейтін амал кіреді. «Мәз болмай, әз болмайды», «Әз болмай, шағала келмей, жаз болмайды» деп айтылады. Сол күннен бастап амандасу, көрісу, жаңғыру жүреді», – деді этнограф Болат Бопайұлы.

Кеңес билігі орнаған тұста қазақ халқының көптеген ұлттық дәстүрі секілді Көрісу күні де ескерусіз қалды. 1920-30 жылдары Наурыз мейрамы «діни ғұрып» саналып, оны тойлауға тыйым салынған. Дегенмен қазақтың салт-санасы бұл дәстүрді ауылды жерлерде сақтап қала алды.

 «Кеңес үкіметі кезінде отаршылдық идеологияға сәйкес келмейтін кез келген салт дәстүрді жау ретінде қабылдады және оны ұмыттырып тастауды ұсынды. Соның нәтижесінде жастарымыз тек салт-дәстүрді ғана емес, тіпті өзінің ділін, әсер ететін ана тілінде ұмытуға себеп болды. Ал қысы қалың және ауа райы өте сұрапыл келетін аймақтарда шындығында бұл сақталып қалды деп айтуға болады, – деді тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Құдайбергенұлы

Көрісу күні Алматының аспанында ән әуелетіп, күй күмбірлетті. Қала тұрғындары Көктөбеге жиналып, бір-бірімен амандасып, «ақ мол болсын» деп ізгі тілектерін жаудырды. Аспан астындағы мерекелік думан әсем ән мен тәтті күйге ұласты. Сахна төрінде қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары – Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Айгүл Қосанова, «Жігіттер» тобы өнер көрсетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 «Құрметті Қазақстандықтар, қадірменді қауым, сіздерді шын жүректен әз-Наурыз – жаңа жылмен құттықтаймын! Наурыз мейрамы елімізге береке, бірлік әкелсін! Ақ мол болсын! – деді ҚР еңбек ері Роза Рымбаева.

 «Бүгін – керемет сәтті күн. Өйткені Көрісу күні Көктөбенің төрінде тойланып жатыр. Құрметті алматылықтар, Амал күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бір-біріңізге деген өкпе-реніш болса, кешіріңіздер. Жастар үлкендерге барып, аман-есендігін біліп, қолын алып, батасын алыңыздар»,  – деді әнші, ҚР мәдениет қайраткері Жанар Айжанова.

Сонымен қатар алматылықтарға ерекше сый ретінде Көктөбедегі аспалы жол бүгін сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін тегін жұмыс істеді. Соның арқасында мерекелік іс-шараға келген көрермен қатары көп болды.

 «Көрісу – Ұлыстың ұлы күнінің негізгі ғұрыптарының бірі. Бұл – бірегейлігімізді танытатын керемет дәстүр. Көрісу  салты тек қазақта емес, барлық көшпендіге тән. Қыстан аман-есен шығып, күн мен түннің теңелген ғажайып күнінде үлкеннің құрметі, кішінің ізеті көрісу күнінде жасалған, – деді мәдениеттанушы Базарбек Атығаев.

Көрісу күні тек жүздесу емес, жүректердің тоғысуы, көңілдердің қауышуы. Бұл күні қыстан аман шыққан халық бір-біріні жылы лебіз білдіреді. Бүгін Көктөбеде де осы дәстүр ұмыт қалмай, қуанышқа толы әндер әуелеп жатыр. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жыл болар» дейді халқымыз. Біз де осы дәстүрді жалғап, үлкендердің ақ батасын алуды жөн көрдік.

«Наурыз келді, әлімсақтың мейрамы.

Ақ тілекпен ақ дастархан жайғаны.

Бәрі болсын, ұмыт болып кетпесін.

Құрт, ірімшік, қымыз, шұбат, айраны.

Қалың ел қамсыз ұланым теңін тауып,

Кең жайлау салқын бұлағы елге толып.

Халқымның бар әлемге даңқы шығып, туымыз еш уақытта шайқалмасын. Алла заманымызға тыныштық беріп, еліміз аман болсын. Жылдан жылға, ғасырдан-ғасырға аман-есен жете берейік!» – деді қала тұрғыны Дүйсенбек Өмірәлиев.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн қатарынан бүкіл ел бойынша тойланады. Әсіресе, оңтүстік астанамыз – Алматының өзінде 100-ден астам мәдени, спорттық және мерекелік іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков

Новости партнеров