Жол-көлік оқиғасынан 3 пен 6 жас аралығындағы балалар зардап шеккен
Ақмола облысы Қосшы қаласында бүлдіршіндерді балабақшаға апара жатқан шағын автобус жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, оқыс оқиға таңғы сағат 7:00 шамасында «Орман алқабы» тұрғын үй кешенінің маңында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Iveco маркалы қоғамдық көлігі мен ішінде 10 бала отырған Toyota шағын автобусы дүкен маңында қақтығысқан. Артынша инерция күшімен Toyota маркалы автобус аялдамаға соғылған. Соның салдарынан 7 бүлдіршін зардап шегіпті. Қазір жол апатына қатысты тергеу басталды.
«Оқиға салдарынан 7 бала медициналық көмекке жүгінді. Апаттың мән-жайын анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту үшін барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде», – деді Полиция департаментінің аға инспекторы Алмагүл Тұрсымбаева.
Жол-көлік оқиғасынан 3 пен 6 жас аралығындағы балалар зардап шеккен. Олар Астанадағы №2 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізіліп, кешенді тексеруден өткен. Алғашқы көмектен кейін төрт бала амбулаторлық емге жіберілген. Дәрігерлердің айтуынша, біреуінің жағдайы ауыр.
«Жаңа түскен балалардың бесеуінде де бас жарақаты бар. Бір баланың бұғанағы сынған. 4 жастағы қыз баланың жамбас сүйегі сынған, жансақтау бөлімінде жатыр. Ота жасалынады, жағдайы тұрақты ауыр», – деді № 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары Медет Нұғманов.
Оқи отырыңыз: Ер адам әйелінің басына бензин құйып, өртеп жіберген