Биыл полицейлер 44 жастағы күдіктіні ұстады
Қостанай облысында полицейлер 21 жыл бұрын болған кісі өлтіру оқиғасының бетін ашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция департаментінің жедел қызметкерлері Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, бұрын болған аса ауыр қылмыстың бетін ашты.
«2003 жылдың мамыр айында 21 жастағы жергілікті тұрғынның зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті өз үйінің ауласынан табылды. Сараптама қорытындысы оның тұншықтырып өлтірілгенін көрсетті. Кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.
Полицейлер күдіктілердің бірін анықтағанымен, оның қылмысқа қатысы бар екенін растайтын дәлелдер жеткіліксіз болған.
Арада 20 жыл өтсе де полиция қызметкерлері дәлелдемелер жинап, іс материалдарын талдауды тоқтатқан жоқ.
«Биыл ақпан айында қосымша іс-шаралар барысында полицейлер 44 жастағы күдіктіні ұстады. Ол марқұммен 2003 жылдың ақпан айында танысқанын айтып, кінәсін мойындады. Бірге ішімдік ішкеннен кейін ол онымен жыныстық қатынасқа түспек болғанымен, келіншек қарсылық танытқан, сол себепті ер адам оны буындырып өлтірген», - делінген хабарламада.
Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Қостанай облысының полиция департаменті жыл басынан бері бұрын жасалған 44 қылмыстың ашылғанын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Белгілі актер мен оның музыкант әйелі үйінен өлі табылды