Мемлекет басшысы келесі құрылтайды сыр бойында өткізуді ұсынды
Қазақстанға бір емес, 3 атом электр стансасын салып, толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда мәлемдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы барын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындайды және білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырады деп баса айтты.
Президент бірқатар мәселеге тоқталды. Алдымен салық реформасына қатысты пікірін айтып, бұл жүйе бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі екенін еске салды және оның мәнін халыққа жете түсіндіру керек екенін айтты.
«Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент табысын азайтып көрсететін кәсіпкерлер мен адал салық төлеп жүргендерге де назар аударды. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Сондықтан Үкімет пен парламентке заңнамаға жедел түрде түзетулер енгізуді тапсырды. Мемлекет басшысы бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталастың нүктесін қойды. Тоқаев сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа да тоқталып, арнайы бағдарлама дайындау керек екенін айтты.
«Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ екенін айтты. Ол Үкіметке Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идеяны жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауды тапсырды. Сондай-ақ тиісті дәстүрі мен тәжірибесі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алатынын жеткізді. Мемлекет басшысы келесі құрылтайды сыр бойында өткізуді ұсынды.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Ақмола облысынан
Оқи отырыңыз: Президент «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдауды ұсынды