"Күлдіретін шарик" тұтынған жастар есін жоғалтып жатыр – депутат дабыл қақты

pikabu.ru
pikabu.ru

Азот тотығын ұзақ уақыт бойы қолдану жүйке жүйесінің бұзылып, аяқ-қолдың жансыздануына алып келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жастар есірткінің жаңа түріне тап болған. Бұл туралы депутат Темір Қырықбаев Мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

"Ол – ресми түрде есірткілер тізімінде болмаса да, оның әсері нашақорлықтың алғашқы сатысы болуы мүмкін. Азот тотығы – медициналық процедураларда қолданылатын күшті заттардың тізіміне енгізілгеніне қарамастан, мейрамханаларда, барларда және түнгі клубтарда «күлкі тудыратын шариктер» деп аталып, танымал ойын-сауық құралына айналды", - деді депутат Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Белгілі болғандай, медицина және наркология саласының мамандары азот тотығының адам ағзасына кері әсері бар екенін айтқан.

Атап айтқанда:

  • Неврологиялық зақым, яғни, азот тотығын ұзақ уақыт бойы қолдану B12 дәруменінің тапшылығын тудырып, жүйке жүйесінің бұзылуына, аяқ-қолдың жансыздануына, сондай-ақ қозғалыс қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Оттегі жетіспеушілігі (гипоксия). Бұл зат жоғары дозада пайдаланылған жағдайда тыныс алудың бұзылуына, естен тануға және өлімге дейін әкелуі мүмкін.
  • Психикалық денсаулыққа әсері. Жастар арасында оның жиі қолданылуы депрессияға, үрей (тревога) сезіміне, есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне және ақыл-ой дамуының тежелуіне себеп болуы мүмкін.
  • Жүрек-қантамыр жүйесіне әсері. Азот тотығын қолдану жүрек ырғағының бұзылуына, қан қысымының күрт өзгеруіне және жүрек ауруларына әкелуі ықтимал.

Тәуелділік қаупі. Бұл зат есірткі секілді психологиялық тәуелділік тудырады және жастар арасында оның қолжетімділігі қауіпті деңгейге жетуде.

"Соңғы бір жылдың ішінде елімізде «күлкі тудыратын шариктерден» кейін есін жоғалтқан, ауыр жарақат алған және жол-көлік оқиғаларына түскен жастардың саны өсіп келеді. Елімізде бұл газдың заңсыз айналымы үшін нақты қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Мәселен, Ұлыбритания – 2023 жылы азот тотығын есірткі заттары қатарына қосып, заңсыз сатқандарға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын бекітті. Нидерланды болса, бұл газды көңіл көтеру мақсатында пайдалануға толық тыйым салды. Көршілес Ресей мемлекеті 2021 жылы бұл заттың заңсыз айналымына тосқауыл қойды", - деді депутат.

Сонымен қоса ол Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормалары, атап айтқанда, 310-бап "Дәрілік заттарды немесе басқа да құралдарды пайдалана отырып, мас болу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау" есірткі құралдары мен психотроптық заттарға жатпайтын, бірақ тиісті дәрежеде жұмыс істемейтін заттарды пайдалана отырып, осындай орындарды ұйымдастырғаны немесе ұстағаны үшін жазаны көздейді деп отыр.

Осы бап бойынша санкцияларға 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұл (шамамен 8 миллион теңге) немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жатады.

Оқи отырыңыз: Елімізде 30 мыңға жуық мопед тіркелді

Новости партнеров