"Күтім жасалмады": көпқабатты үй тұрғындары ПИК жұмысына шағымданды

21.02.2025 20:50

Олар "күрделі жөндеуге деген ақшаны жинап жатсақ та, үйіміздің күйі өзгермеді" дейді

«Үйіміздің күтіп-ұстау шығындарын өтесек те, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ». Осылай деген Алматының Түрксіб ауданы тұрғындары пәтер иелері кооперативінің жұмысына наразы. Олардың айтуынша, басқарушы компания 2 жылдан бері ат ізін салған емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Үйді күтіп ұстауға ай сайын қыруар ақшаны құр шығындап отырмыз» деген жұрт шағымын айтып жиналды. Олар ай сайын төлем қағазында көрсетілген қаражатты төлеп, күрделі жөндеуге деген ақшаны жинап жатсақ та, үйіміздің күйі өзгермеді дейді. Айтуларынша, баспананың шатыры тесіліп, қабырғасы сөгілгелі тұр.

«Жиналған ақшаны біз көрген жоқпыз. Подъездер 2007 жылдан бері бірде-бір рет жөндеу жұмыстарын көрген жоқ, не ақталған жоқ. Одан бөлек, жаңбыр жауған сайын шатырдан су ағады. 5-қабаттағы пәтерлерді әрдайым су басып кетеді. 3 бөлмелі пәтер үшін біз үйді ұстау шығынына ай сайын 2500 тг төлейміз, күрделі жөндеуге 2 мың теңгеге жуық төлейміз», - дейді қала тұрғыны Назерке Сүлейменова.

Бұл аздай, жылу үшін төлейтін ақымыз да артып кетті дейді жұрт. Оған ескірген есептеуіш құралы себеп деп отыр. Ал оны жаңарту үшін тағы қыруар қаражат қажет екен.

«Біздің жылу есептегіш құралымыз 700 мың теңге тұрады. Күрделі жөндеудің қаражаты сондай нәрселерге де жаратылуы керек. Ол заңда айтылып тұр», - деді қала тұрғыны Базархан Мырзаханов.

«Ыстық су мен жылудың есептегіш құралдарының жаздыгүні мерзімі өтіп кеткен екен. Оны жылу желісі өзінің балансынан алып тастаған. Оған қаржыны ПИК КСК жинау керек еді, бірақ енді 30 пәтер өзі жинайтын болды. Одан кейін 4 жылда бір рет рет жылу жүйесін жуып тазалау керек, оны да жасамай отыр. 20 жыл болды тұратынымызға, бірақ ешкім жасап жатқан жоқ», - дейді қала тұрғыны Абылайхан Монтаев.

Тұрғындар айтып отырған пәтер иелері кооперативін кеңсесіне барып біз де іздедік. Алайда, жауаптыларды таба алмадық. Ал жергілікті билік өкілдері мәселені біржақты етуге атсалысатынын жеткізді.

«Үйді Facility компаниясы күтіп баптайтын, ақшаны да солар жинады. Аталған мекемені тұрғындар тексерте алады. Мұнымен қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасы айналысады. Сондай-ақ тұрғындар үйді күтіп-ұстау үшін өз арасынан жауапты бір адамды сайлай алады. Мүлік иелерінің бірлестігін немесе қарапайым серіктестіктер құруларына да болады. Біз келесі аптада тұрғындармен жиналыс жасап, тұрғын үй қатынастары туралы заңды түсіндіруге тырысамыз», - деді Түрксіб ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бақтияр Мұратбекұлы.

Көпқабатты үйдің тұрғындары әзірге аудандық прокуратураға арызданып, солардан жауап күтіп отыр екен. Егер мәселеміз шешілмесе, сотқа жүгінеміз дейді.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қолжетімді баспана: биыл 6 мыңнан астам алматылық жаңа пәтерге ие болады