Жәбірленуші ауыр жағдайда аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр
Қызылорда облысында 42 жастағы келіншектің қолын күйеуі балталап тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқыс жағдай Шиелі ауданына қарасты ауылдардың бірінде болған. Жәбірленуші ауыр жағдайда аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ал науқасқа шұғыл көмек көрсетуге облыс орталығынан санавиациямен дәрігерлер барған. Олар басынан қатты соққы алған келіншектің өзге де жарақаты барын айтты. Сондықтан мамандар оның денсаулығына қатысты әзірге нақты шешім айта алмай отыр.
«Науқас ес-түссіз жағдайда. Науқас бірден реанимация бөліміне көтеріліп, медавиация желісі арқылы көпбейінді облыстық ауруханасынан травматолог және нейрохирург дәрігерлерді шақырдық. Жедел түрде науқасқа ота жасалды. Науқастың диагнозы политравма, бас миының ауыр жарақаты, маңдай сүйегінің сынығы, науқастың 2,3,4-саусақтарының ашық сынығы, шынтақ сүйегінің ашық сынығы. Жағдайы әлі күнге дейін ауыр күйіде, реанимация бөлімінде қарқынды емін алуда», – деді Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта.
Ал күдікті 20 жылдан бері аудандағы мектептердің бірінде биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді екен.
«Полициямен адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша күдіктінің ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда, өзге мәліметтер жарияланбайды», – деді Шиелі аудандық Полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұқанов.
Оқи отырыңыз: Атырауда университет жатақханасының ғимараты опырылып түсті