Қызылордада Қызыл кітапқа енген қарақал табылды

16.01.2025 18:43

Мамандар әзірге түз тағысының қайдан келгенін анықтай алмады

Қызылордадан Қызыл кітапқа енген қарақал табылды. Табиғат жанашырлары мысық тұқымдас жыртқышты жеке тұрғын үйдің ауласынан ұстаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сырт тұлғасы сілеусінге ұқсаған соң, ел ішінде бұл аңды қарақұлақ деп те атайды. Мамандар әзірге түз тағысының қайдан келгенін анықтай алмады.  

"Бастапқыда мен мысық деп ойладым. Мамандар оны ұстай алмай жатқан соң бар жұмысымды тастап, сонда бардым. Қолыммен тамақ ұсынып едім, тығылған жерінен шықты. Негізі, ол көмек қажет болған соң адамдарға келген сияқты. Өйткені, артқы аяғын ауырсынып басып жүр, аң аулайтын жағдайда емес", - деді зооқорғаушы Илина Ли.

Елімізде қарақалды аулауға заңмен қатаң тыйым салынып, жаза қарастырылғанын да айта кетейік. Қазақстанда сирек кездесетін бұл жыртқыш көбіне Маңғыстау облысындағы шөлейтті жерлерді мекендейді. Ал Сыр өңірінде бұрын-соңды байқалмаған. Мамандар қарақалға сырттай бақылау жұмыстарын жүргізіп, "ауру-сырқау анықталған жоқ" деп отыр. Десе де, тереңірек талдау жүргізу үшін оны Шымкент зообағына жөнелтпек.  

"Бұл қарақал жануары Қызылқұм беткейінде кезетіні туралы мәлімет бар. Бірақ біздің облыста санаққа алынбаған. Енді оны зоопаркке табыстаудағы мақсатымыз - арнайы сол мекеменің ветеринарлары тексеріп, шешім қабылдаса деген ойдамыз", - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Рахымжан Бурабаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіш ашылды