Лудоманиямен күрес: бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімі кеңейе түспек

Сенат депутаттары тиісті заң жобасына өзгерістер енгізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Онлайн платформаларға ойын бизнесін жарнамалауға шектеу қойылады. Сенат депутаттары тиісті заң жобасына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дегенмен, спорттық шаралар өтетін алаңдар мен ойын ұйымдастыратын компанияның ресми сайтында, спорт туралы ақпарат таратын бұқаралақ ақпарат құралдарында жарнама жасауға рұқсат етіледі.

Елімізде лудоманиямен күрес жалғаса береді. Құмар ойынның құрығына ілінгендерге бақылау күшейіп, бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімі кеңейе түспек. Жарты жыл бұрын санатқа мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бюджеттік ұйымдардың басшылары кірген. Сотты болған немесе бас бостандығы шектелген азаматтар да қосылды. Егер олардың ойын ойнағаны анықталса, бизнес иесі 300-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды.       

 «Ішкі істер министрлігінде мағлұматтарды енгізіп жатырмыз. Бәс тіккен кезде, әрбір қалаушы өзінің ЖСН-ін енгізеді. Ал егер ол тізімге енгілсе, бірден бәс тігуге тыйым салынады. Тыйымға қарамай рұқсат берсе, айыппұл салынады», – деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылау барысында сенаторлар энергетикалық сусынның жарнамасына тыйым салуды ұсынды. Өйткені 21 жасқа толмағандарға сатуға ресми түрде рұқсат етілмегенімен, энергетикалық сусындарды жарнамалауды шектейтін норма жоқ.

 «Энергетикалық сусындардың жарнамасын шектеу, тіпті тыйым салынған өнімдердің тізіміне енгізу туралы норманы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жауапкершілігін ескере отырып қарастыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан, бұл – жақсы ұсыныс. Біз алдағы уақытта балаларға арналған контентте де жарнаманы азайту мәселесін талқылаймыз», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов 

Сондай-ақ Сенат қабырғасында денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты толықтырулар да қаралды. Заңда мүгедектігі жоқ мұқтаж азаматтарды есту аппараттарымен қамтамасыз ету мәселесі, онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын скринингтік зерттеулер жүргізу сияқты бірқатар маңызды мәселелер қарастырылды.

 «Денсаулық сақтау саласындағы бірқатар функциялар, оларды реттеу үшін белгіленген нормалар министрліктің ереже деңгейіне ауыстырылатын болады. Бұл денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттырып, оның басқаруын оңтайландырады. Сонымен қатар барлық деңгейдегі басқару құзыреттерінің нақтылануы, қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу арқылы халықтың денсаулығын сақтау және әлеуметтік қорғау жұмыстарын оңтайландырады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов.

Сенаторлар аталған заң жобаларына өзертулер мен толықтыруларды бүгін екі оқылымда талқылап, мақұлдады. Құжат Президентке жолданады.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Олар баланың жанын алуға келді: Шеризаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді

 

Новости партнеров