Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Парламент сынына жауап берді
Қазақстанда денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы бөлініп жатқанымен, халықтың медициналық қызметке көңілі толмайды. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева соңғы 3 жылда аталған салаға жұмсалатын ақша шамамен 3 есеге өскенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соған қарамастан, емделушілердің 47 пайызы ғана емдік шараға қанағаттанады. Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында Дания Еспаева елдегі медициналық ұйымдарда фокус науқасқа емес, табысқа ауысып кеткенін айтты.
"Денсаулық сақтау министрлігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі болып саналатын диагностикалық қызметтің тұрақты өсімі туралы үнемі хабарлап отырады. Олардың мәліметтері бойынша, консультативтік-диагностикалық қызметтер, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есеге артқан. Дегенмен диагностикалық қызметтің өсуі ауруларды ерте анықтауға әсер еткен жоқ. Тіпті кейбір жағдайларда бұл қызмет қажеттіліктің жоқтығына қарамастан жазылады", – деді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру механизмінің нәтижесін баяндап, Парламент сынына жауап берді. Ведомство басшысының сөзінше, бүгінде қазақстандықтардың 83 проценті МӘМС жүйесіне қосылған. Олардың 72 пайызы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған осал топтардағы азаматтар. Министрдің есебінше, міндетті сақтандыру енгізілгелі елде медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарған. Аталған жүйенің арқасында дәрігерлердің айлығы да артқан көрінеді.
"Бұл саланың көптеген бағыттарын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлер жалақыларының 2,3 есе өскенін айтып кеткен жөн. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шығындары 34 пайыздан 28 пайызға дейін азайды. Алайда әлі де жоғары болып қалып отыр", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Оқи отырыңыз: Елімізде қандай инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды