Маңғыстау облысында бір отбасы газдан уланып қайтыс болды

Олардың бесеуі – кәмелетке толмаған балалар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысында қайғылы жағдай. Мұнайлыдағы Басқұдық ауылында бүтін бір отбасы газдан уланып қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына жеткен кезде үйден жеті адамның мәйітін тапқан. Олардың бесеуі – кәмелетке толмаған балалар. Ал қайғылы жағдай туралы хабарды тиісті органдарға көршісі хабарлаған.

 «Балалар жататын бөлмесінен кәмелет жасқа толмаған 2011, 2015, 2019, 2003 жылы туған, кәмелет жасқа толмағандар анықталды. Содан кейін әке-шешесі жататын бөлмеде анасы мен әкесі анықталды. Сол жерде мәйіттер анықталып, сарапшылармен қарау жүргізілді. Қазіргі таңда өлу себебін анықтау мақсатында сот медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бір айда дайын болады. Содан кейін тергеу әрекеттері жүргізіледі, – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Қайрат Өтемісов.

 Бес баланың әкесі – Өзбекстан Республикасының азаматы. Ал оның жұбайы мен балалары – Қазақстан азаматтары. Отбасының көрші елдегі тумаластарына да хабар жеткізілген. Қазір оларды шекарадан өткізу, оқиға болған орынға жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Марқұмдардың туыстарының шешімімен көз жұмғандар Қазақстанда жерленеді. Мұнайлы ауданының әкімі Қанат Құлжановтың айтуынша, рәсімнің барлығына көмек көрсетіледі.

 «Садақасын өткізуге, сонымен қатар тумаластарын Өзбекстан Республикасынан тез арада осында жеткізу үшін, шекарадан өткізу үшін, тиісті көмек ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта да қызметкерлеріміз сол тумаластарының қасында. Қандай да бір қажеттілік туындап жатса, көмек көрсетіп жатыр, – деді Мұнайлы ауданының әкімі Қанат Құлжанов. 

Төтенше оқиғаның себебін анықтау үшін апат орнында арнайы комиссия құрылды. Оны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқарады. Ал аталған оқиға облыс әкімінің жеке бақылауында. Төтеншеліктердің мәліметіне сәйкес, жылыту маусымында өртті болдырмау және газдан уланудың алдын алу бойынша аудан көлемінде жұмыстар жүргізілген. Алайда қайғылы жағдай болған үйге бірде-бір маман бармаған. Комиссия төрағасы Ербол Ізбергенов мәселеге қатысты тергеп-тексеру жүргізілетінін айтты.

Айта кетейік, газдан улану жағдайы сол Мұнайлы ауданында бір апта ішінде екінші рет тіркеліп тұр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, АТ, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: АҚШ-та ұшақ құстармен соқтығысып, әуеде өртенген

Новости партнеров