Қазір балабақша уақытша жабық тұр
Маңғыстауда балалар тағы да астан ұшынды. Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылындағы жедел жәрдем қызметіне тұрғындардан жаппай іш ауруына шағым түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астан 7 ересек, 30 тәрбиеленуші ұшынған. Шағым түскеннен барлық науқас ауылдан Жаңаөзен қаласына жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Мамандардың тексеруінен соң 4 науқас ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Қалған науқастар амбулаторлық ем-шараларын жалғастыру үшін үйіне жіберілген.
"Балдардың да, ересектердің де жағдайы қанағаттанарлыққа жақын, нашар болған жоқ. Стационарлық қарау кезінде науқастарға инфузионды және антибактериалды ем тағайындалды. Алдын ала қойылған диагноз – тағамдық токсикалық инфекция. Нақты қорытынды диагноз лабораторлық қорытынды шыққаннан кейін, белгілі болады", – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.
Қазір балабақша уақытша жабық тұр. Уәкілетті органдар тексеру жұмыстарын бастап кеткен. Ал асханадағы тамақтардан сынама алынып, арнайы лабораторияға жөнелтілді. Балалар мен балабақша қызметкерлерінің нақты неден уланғанын белгісіз.
"Барлығында да құсу, іш өту клиникалық белгілері байқалды. Қорытындысы шыққаннан кейін анықтамасы өзгеруі де мүмкін. Ол жерде вирус инфекциясы болуы мүмкін. Басқа да іш ауру тудыратын бактерия топтарымен ауру анықталуы мүмкін. Зертхана басшысымен сөйлесіп отырмыз.Кемшіліктер бойынша міндетті түрде әкімшілік шаралар қолданылады", – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м.а Бердібек Саралтаев.
Маңғыстауда балалардың жаппай астан улану дерегі соңғы 6 алты айда екінші рет тіркеліп тұр.
Еске сала кетейік, былтыр 7 қыркүйекте Мұнайлы ауданында 460 бала астан уланып, 83-і ауруханаға жатқызылған. Ал екі науқас жансақтау бөліміне түскен.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан
Оқи отырыңыз: Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды - Ұлттық банк ескерту жасады