Мемлекет басшысы Көлік министріне бірқатар тапсырма берді

10.04.2025 15:29

Былтыр көліктің барлық түрі бойынша тасымал көлемі 6 пайызға өскен

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің өткен жылы атқарған жұмысының қорытындысы бойынша есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Марат Қарабаевтың айтуынша, былтыр көліктің барлық түрі бойынша тасымал көлемі 6 пайызға өскен. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалдау 62 пайызға ұлғайып, 4,5 миллион тоннаны құрады. Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларының әуежайларында жаңа 3 жолаушы терминалы салынды. 12 мың шақырым жол жөнделді. Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахань тас жолдарындағы жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Министрдің мәліметінше, отандық әуе компаниялары 14,7 миллион жолаушыны тасымалдаған. Бұл сектордағы көрсеткіш 10 пайызға ұлғайған. Әуежайларда 29,7 миллион адамға қызмет көрсетілген, яғни 14 пайызға артқан. Теміржол көлігімен 21 миллион жолаушы тасымалданып, өсім 3,9 пайызды құраған.

"Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл ведомствоның Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне 19 жаңа әуе бағытын ашуды жоспарлап отырғаны жөнінде баяндалды. Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі әуежайларының құрылысы басталды. Сонымен қатар 125 теміржол бекетін жаңғырту жұмыстары қолға алынады. Достық – Мойынты, Алматы айналма теміржолы, Дарбаза – Мақтаарал, Аягөз – Бақты және Қызылжар – Мойынты секілді 5 ірі теміржол жобасы жүзеге асырылып жатыр", - делінген хабарламада.

Кездесу соңында Президент қазақстандықтардың жол жүруіне анағұрлым қолайлы жағдай жасау, туристік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Орталық – Батыс автожолының құрылысын жеделдету, Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізін кеңейту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, ішкі және халықаралық әуе рейстерінің санын көбейту, көлік секторына инвестиция тарту жұмысын күшейту жөнінде тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын өркендетудің, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын сапалы әрі уақтылы жүзеге асырудың маңызына ерекше назар аударды.

Оқи отырыңыз: "Отандық ғылымда келешегі зор бағыт көп": Президент ғалымдарды марапаттады