Оғу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, соңғы екі жылда 500-ге тарта мектеп бой көтерген
Оғу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, соңғы екі жылда 500-ге тарта мектеп бой көтерген. Бұл – 30 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv.
2023 жылы 160 білім ошағы пайдалануға берілсе, былтыр 257 мектептің құрылысы аяқталған. Оның 105-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Ал 2024 жылы 254 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтіп, екі мыңнан астам орынға арналған 8 жатақхананың қабырғасы қаланған.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 1300 мектепті жаңғырту басталды. Бұл жұмысты 2027 жылға дейін аяқтауымыз тиіс. Көп адамдар түсінген жоқ. Министрліктің зерттеп, зерделеуінің арқасында 40-70 жыл ешқандай ремонт көрмеген, әбден көнерген 1300 мектепті заманауи білім ордаларының қатарына жеткізу бағытындағы анықталып отыр. Бұл –Президенттің тапсырмасы. 2027 жылға дейін Қазақстандағы барлық мектеп "Жайлы мектеп" сияқты заманауи үлгідегі қамтамасыз етілуі тиіс", – деді ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министр мектеп директорларының біліктілігіне көңілі толмайтынын да жеткізді. Өйткені елдегі жеті мыңнан аса мемлекеттік мекемені басқарып отырған менеджерлердің тек 9 пайызының ғана «жетекші-көшбасшы» санаты бар. Бұл мәселені шешу үшін 2023 жылы «білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылып келеді. Бүгінде 583 кандидат республикалық кадрлық резервке енгізілген.
"Жоба іске қосылғанына қарамастан, 2 жыл бойы 740 мектепке директор жетіспейді. Оның ішінде 81 ауыл мектебі бар. Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарындағы білім беру ұйымдары басшыларына қажеттілік болып отыр. Резервтегі кадрларды тағайындау Ақтөбе облысында қажетті деңгейде орындалмаған," – деді ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Оқи отырыңыз: Тұралаған құрылыс: Таразда 800 оқушы әр мектепте сабылып жүр