Мүгедек балаға арба ұсынбаған әуе компаниясы жауапқа тартылды

30.01.2025 15:04

Арбаны ұзақ күткен ер адам баласын ұшақтан өзі шығаруға мәжбүр болған

Photo by Suhyeon Choi on Unsplash

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын бұзғаны үшін әуе компаниясы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылдың 3 қарашасында Санкт-Петербург – Aстана рейсімен ұшып келген мүмкіндігі шектеулі кәмелетке толмаған жолаушыға әуе компаниясы тиісті қызмет көрсетпеген.

"Ұзақ күткен жолаушының әкесі баланы ұшақтан өзі шығаруға мәжбүр болды.

Әуе компаниясы қызметкерлерінің мүгедек арбасының қажеттілігі туралы қате хабарламасы уақытылы қызмет көрсетпеудің себебі болды", - делінген хабарламада.

Астана авиациялық көлік прокуратурасы ерекше қажеттіліктері бар жолаушының құқықтарының бұзылуы бойынша ықпал етті.

Прокуратура актісі бойынша әуе компаниясы тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 571-бабының 1-бөлігі).

Оқи отырыңыз: Орталық Азия елдерімен келісім: Қазақстан көктемде 11 млрд текше метр су алады