Мүгедектігі бар 18 жастағы баламды зорлаған күдіктіні тауып берсін - анасының жанайқайы

13.02.2025 14:27

Оразгүл Қонысова 27 желтоқсанда баласының басынан кешкенін қорқынышпен еске алады

Ақтауда мүгедектігі бар 18 жастағы ер баланы белгісіз біреу көлігіне салып алып, зорлаған. Арам ойын іске асырып болған соң, ол жас жігітті теңіздің жағасына түсіріп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оразгүл Қонысова 27 желтоқсанда баласының басынан кешкенін қорқынышпен еске алады. Оның айтуынша, 18 жастағы баласын белгісіз ер адам көшеден көлігіне отырғызып алып кетіп, азғын әрекетін іске асырған. Қаскөй әуелі көлікте, кейін теңіз жағасына апарып зорлаған. Сөйтіп түн ортасында жарымжан баланы оқиға орнында тастап кеткен көрінеді. Баласының денсаулығына уайымдаған ана «осы уақытқа дейін күдіктіні анықтамаған полицейлер де жазалансын» деп отыр.

"Балам айтуынша,бір кісі көлікке отырғызып, алып кеткен. Айқайлап, көмек сұраған. Ол «әйелім, бала-шағам жоқ, сізді зорлаудан басқа амалым жоқ» деп ойындағысын істеген. Кінәлі адамды тауып берсе, бейнекамераны көрсетпеді", – деді жәбірленушінің анасы Оразгүл Қонысова.

Сол оқиғадан соң баланың мінез-құлқы бұзыла бастаған. Оның үстіне бұрыннан денсаулығының сыр беретіні тағы бар. Тіпті сыртқа шығудан қорқып қалған көрінеді. Анасының айтуынша, қыруар қаржыға дәрі-дәрмек алып, баланың ем-домын жасаған. Ал полиция аталмыш қылмыстық іс бойынша тарап жатқан кей ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және бұл жағдай департамент басшылығының бақылауында тұрғанын мәлімдеді.

"Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынып, зерттелуде. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу жалғасуда. Видео жазбалардың жоқ екендігі туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", – деді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева

Көшеден көлігіне отырғызып алып кеткен күдікті әлі іздестірілуде. Анасы да қылмыскер тиісті жазасын алғанын қалайды. Жәбірленуші тараптың да қаскөй табылғанға дейін сабырмен күткеннен басқа амалы жоқ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтау

Оқи отырыңыз: Қарияларды ұрып-соққан: пансионат қызметкерлерінің адам шошырлық әрекеті бейнекамерадан анықталды