Мұз жару: СҚО-да көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді

11.03.2025 20:07

Арнайы мамандар өзен бойындағы 47 қауіпті аймақты анықтады

СҚО-да көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қауіптің алдын алу мақсатында Есіл өзенінің тарылып, ағысы өзгеретін тұстарында мұз жару жұмыстары басталды. Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын күшейтіп, тұрғындарды мұз үстіне шықпауға шақырды.

«10 наурызда мұзды ұсақтау және жару басталды. Бұл – 2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық шараларының бірі. Шаруа ауданымыздың шеткі нүктесінен, яғни Қызылжар ауылынан бастап, Семипалатное елдімекеніне дейін жүргізіледі. Мұз жару өзеннің иілістері мен арнасының тарылып, бағыты өзгеретін жерлерінде қолға алынады. Бұл су тасқыны қаупін азайту үшін жасалып отыр, – деді Қызылжар ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Әзімхан Мерғасымов.

Сонымен қатар көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Ақмола облысынан арнайы мамандар шақырылған. Олар өзен бойындағы 47 қауіпті аймақты анықтап, мұз жару жұмыстарын 10 мың шаршы метр аумақта жүргізуді жоспарлап отыр.

«СҚО-да шамамен 1500 тонна жарылғыш зат қолдану жоспарланған. Жұмысқа 6 бірлік техника мен 16 маман жұмылдырылды. Жарылғыш заттар қазақстандық өндірістің «Z-power» маркалы өнімдері. Әрқайсысы екі килограмнан және жарылғанда шамамен 16 шаршы метр аумақты қамтиды, – деді мердігер компанияның директоры Данияр Құсайынов.

Қызылжар ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұл мақсатқа шамамен 12 миллион теңге бөлініп, қажетті жарылғыш заттар сатып алынған.

 «Өткен жылдың қорытындысы бойынша 18 елдімекенді су басты. Әр елдімекен бойынша су тасқынынан қорғау жоспарын жасадық. Қолданыстағы бөгеттерді нығайту, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргіздік. Бұл шаруа Тепличное, Прибрежное ауылдарында және аудан орталығы Бескөлде атқарылды. Қазіргі уақытта барлық қажетті шараларды іске асырып жатырмыз, – деді Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов.

Қызылжар ауданының үш ауылында жағалауды бекіту үшін полиэтилен пленкасы мен брезент төселуде.

Айта кетейік, Есіл өзеніндегі мұз жару шаралары 20 наурызға дейін аяқталмақ.

Мәди Мәлік. Нұргүл Алина, СҚО