Жыл өткен сайын патологиялық өзгерістерге ұшыраған сәбилер саны көбейіп жатыр
Бүгінде кішкентай балалар арасында өршіп тұрған дерттің бірі - гипоксия. Гипоксия – жасушаларға оттегінің жетіспеуі салдарынан пайда болатын патологиялық процесс әрі бұл мидың барлық бөлігіне жағымсыз әсер етеді. Қазіргі таңда гипоксияға шалдыққан нәрестелер өте көп, ал мұның салдары түрлі дерттерге душар қылуда. Балалар ортопеді әрі травматологы Айнұр Әкімжанқызының айтуынша, гипоксияның пайда болуына бірінші кезекте аналардың жауапсыздығы себеп, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Айнұр Әкімжанқызы он жылдан бері травмотология, остеопатия саласында еңбектенуде. Маманның пікірінше, жыл өткен сайын патологиялық өзгерістерге ұшыраған сәбилер саны артып жатыр.
"Менің алдыма келетін нәрестелердің ішінде гипоксияға ұшырағандар өте көп. Бұл өкінішті әрі дабыл қағатын жағдай. Нәрестенің гипоксиямен туылғанына бірінші кезекте аналар кінәлі. Себебі, жүктілік кезінде өзіне қарамайтын, өзін күтпейтін, жүктілікке жауапсыздықпен қарайтын аналар саны артуда. Қазіргі гаджеттер заманында әрбір адам смартфонға тәуелді. Соның салдарынан, жүкті аналар таза ауада жүрудің өзін ұмытып кетеді. Гипоксияның өршуіне тағы бір себеп – ананың екіқабат кездегі психологиялық және эмоционалдық жағдайының тұрақсыз болуы. Одан бөлек, табиғи жолмен босану кезінде дәрігердің нұсқауын тыңдамай, баланың бас сүйегіне зақым келтіруі. Осының салдарынан баланың миына қан бармай, инсульт алу жағдайы көп кездеседі. Ал мұның арты сал ауруына апаратынын білесіздер. Соңғы он жылдан бері маған келген нәрестелердің басым бөлігінде гипоксия салдары жиі кездесті. Меніңше, аналар бұған атүсті қарамай, жүктілікке саналы түрде дайындалуы қажет. Әйтпесе, өмір бойы сырқат баланы емдеуге тура келеді", - дейді маман.
Айнұрдың айтуынша, соңғы жылдары баланың жамбас сүйегінің қисайып, дұрыс қалыптаспауы да белең алып барады.
"Біз бұған дейін дисплазияны көп айтатын едік. Енді аплазия көп таралып жатыр. Қазір маған келетін сәбилердің 90 пайызында жамбас сүйегінің аплазиясы бар. Бұл дегеніңіз – балада жамбас сүйегінің ұршығы мүлде жоқ деген сөз. Аплазия – адамның денесіндегі қандай да бір органның жоқтығын білдіреді. Сәбиін босанған соң, аналар бірден баланың миын көрсету үшін неврологқа барады. Бұл өте дұрыс. Алайда, сәбидің алты айлығына дейін жамбас сүйегін рентнгенге түсіріп, ортопедке келетін аналар мүлде жоқтың қасы. Бала бір жасқа дейін жүрмейтін болғасын, көп ешкім бұған алаңдамайды. Егер баланың жамбас сүйегінде ұршық болмаса, оны жеті-сегіз айлығына дейін өзіндік әдістермен емдеу керек. Егер бұл кезеңнен өтіп кетсе, бір жастан асқан баланың жамбасына ұршық орнына стенд қойылады. Ал стендті бес жыл сайын ауыстырып тұру керек. Аналардың басым бөлігі баласы бірден асып, жүрмей қалған соң ғана дабыл қаға бастайды. Шын мәнінде, баланың алты айлығына дейін жамбасын да бақылау керек. Сәбидің миына қалай алаңдасаңыздар, жамбас сүйегіне де дәл солай мән беріңіздер", - дейді Айнұр Әкімжанқызы.
Он жылдан бері сәбилердің түрлі дертін емдеп жүрген Айнұр аяғын қисық басатын балаларға қатысты пікірін де бөлісті.
"Негізі, әрбір ана баланың тамақтануын, иммунитетін, жүріп-тұруын дұрыс қадағалауы керек. Ағзаға өте қажетті D дәрумені мен кальцийдің мөлшері жеткілікті екеніне көз жеткізіңіздер. Себебі, сүйектің дұрыс қалыптаспай, баланың дұрыс жүрмеуіне тап осы витаминдердің жетіспеуі себеп. Қазір аяғын қисық басатын балалар да маған көп келеді. Мұндай диагноз екіге бөлінеді. Біріншісі - варусты деформация, екіншісі – вальгусты деформация. Вальгусты деформация кішкентай кезінде дұрыс емделмеген дисплазияның салдарынан туындайды. Варусты деформация кальцийдің жетіспеушілігінен болатын диагноз. Балаңыздан мұндай белгі байқасаңыз, дереу ортопед дәрігерге апарыңыз. Қажетті анализдерді тапсырып, ем бастаңыз. Мұндай балаларға массаж, жалпы дене жаттығуы, бейімді дене жаттығуы мен бассейнде жүзу өте пайдалы", - дейді Айнұр Әкімжанқызы.
Оқи отырыңыз: Енді қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемін балаларын емдеуге де қолдана алады