Бақшада 2 мыңнан аса өсімдіктің түр мен сорты бар
Алматыдағы тропикалық өсімдіктер тәлімбағында қырыққұлақ ағаштың сирек кездесетін түрі бар. Палеозой дәуірінен жеткен бұл өсімдік ботаниктердің сөзіне сенсек, жер бетінде динозаврлардан бұрын пайда болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Nicole» орталығы – қазір елдегі тропикалық өсімдіктер өсіретін ең ірі бақша. Мұнда 2 мыңнан аса өсімдіктің түр мен сорты бар. Бай мұраны бақша мамандары әлемнің түкпір-түкпірінен әкеліп, күтіп-баптап, көбейтеді.
«Біз азаматтарға түрлі сұраныс пен жағдайға сай өсімдік таңдауға көмектесеміз. Таңдап қана қоймай, оны дұрыс өсіріп, топырақ алмастыруды да көрсетеміз. Мамандарымыз кәсіби тұрғыда істейді. Ең бастысы, бақшамыздағы әр өнімді Қазақстанның кез келген қаласына жібере аламыз. Еуропадан авиа және автобағытта тікелей алдыруға мүмкіндік мол», – деді «Nicole» гүл компаниясының директоры Наталья Потапова.
Аталған компания өсімдікті таңдаудан бастап, сату, алмастыру бойынша кәсіби консультация беруге қауқарлы. Мұндағы мамандар ботаникамен айналысқысы келетін әр адамға, әсіресе салаға жаңа келгендерге тиімді ұсыныс дайындаған. Айтпақшы, бақшадан планетамызда 400 жыл бұрын пайда болған қырыққұлақ ағашты кездестіре аласыз. Әр өсімдікке мұқият күтім жасайтын мамандар оларды суаруға баса мән береді.
«Гүлдерді дұрыс суару өте маңызды. Құрамына қарай, әртүрлі суару үстеліне орналастырамыз. Әр гүлге әртүрлі тәсіл қажет», – деді орталықтың қызметкері Әлия Бесбаева .
Бүгінде аталған тәлімбақ үй мен кеңсеге арналған өсімдіктерді өсірумен ғана айналыспайды. Бақ тіпті түрлі шығармашылық бағыт үшін де қолжетімді ортаға айналған. Мұнда сирек кездесетін тірі организмдерді көріп, флора әлемін тереңінен танығысы келетіндер жиі келеді. Компания өкілдерінің айтуынша, олар – оқушылар мен туристер.
Мадина Оқас, Амина Усенова, Ернат Болатбек