Өгей өксіткен өмір: 15 жастағы қыз ана атанды

10.02.2025 18:33

Жасөспірім аяғының ауырлығын жасырып келген

Таразда 15 жастағы қыз ана атанды. Бұл жайында полицияға облыстық перинеталдық орталықтың мамандары айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал кәмелетке толмаған қыздың жүкті екенін жақындары толғағы келгенде ғана білген. Жасөспірім оған дейін аяғының ауырлығын жасырып келген. Тіпті колледжге түсу үшін медициналық тексеруден өткенде де жүкті ретінде тіркелмепті. Дәрігерлер мұның қалай болғанын білмей дал.         

"Үнемі өгей әкесімен бірге келіп жүрген қабылдауға. Дене құрылысында ешқандай өзгеріс байқалмаған. Өзінің тарапынан шағым болмағаннан кейін, жүктілік бойынша есепке алынбаған. Қыздың организмі ана болуға дайын емес болғандықтан, ерте жүктілік денсаулығына теріс әсерін тигізеді. Нәресте  дәрігерлердің бақылауында. Жақсы салмақпен босанды. Психолог мамандар, аймақтық медбике отбасымен жұмысты жүргізуде", – деді № 7 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Шатаева.

Қазір аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал күдікті ретінде қыздың өгей әкесі ұсталған. Алғашқыда ер адам кінәсін мойындамай, Тараз бен Алматы қалаларында ДНК тестілеу тапсырған. Екі тексерістен соң 54 жастағы азаматтың нәрестенің әкесі екені дәлелденген. Тергеу барысында оның кәмелетке толмаған қызды 13 жасынан бері төсекке тартқаны белгілі болды. Енді ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру іс шараларының нәтижесінде қылмыстық әрекетті жасады деген күдікпен қыздың 54 жастағы өгей әкесі анықталып, соттың санкциясымен қамаққа алынды. Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты ҚК 120-бабы 3/1 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Бірқатар қажетті сот медициналық сараптамалар кешені тағайындалды", – деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова.

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Ақмола облысының су тасқыны қаупі бар учаскелері тексерілді