Он екі шақырым жаяу жүреді: Алматы облысында саяжай тұрғындары оқушыларға үлкен автобус бөлуді сұрайды

Жылдар бойы әкімдікке мұңын шағып келе жатқан ата-аналардың талап-тілегі әлі күнге ескерілмеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

“Балаларды сабаққа жіберерде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз”. Алматы облысының Алатау қаласындағы бірнеше саяжай тұрғындары оқушылар мектепке жету үшін 12 шақырым жерді жаяу жүретінін айтып шағымданды. Өйткені елдімекеннен білім мекемесіне жалғыз ғана шағын автобус қатынайды екен. Оның өзі оқушылардың барлығын сыйдыра алмайды. Баласына алаңдаған ата-ана жылдар бойы әкімдікке мұңын шағып келеді. Алайда олардың талап-тілегі әлі күнге ескерілмей келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Алатау қаласына қарасты елдімекен оқушыларының мектепке жетуі үшін күнделікті жүретін жолын көріп, құдды бір қорқынышты фильмге тап болғандай боласыз. Бөлінген жалғыз автобусқа оқушылардың жартысынан көбі сыймайды. Сондықтан оқушылардың бір бөлігі көлікпен жүрсе, енді бірі амалдап осындай туннельден өтуге мәжбүр. Күндіздің өзі іші өте тар әрі қараңғы туннельдің кешке қандай болатынын елестету қорқынышты.

Алматы облысы Алатау ауданындағы 22 саяжай тұрғындарының оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесін көтергелі 8 жыл болыпты. Олардың айтуынша, оқу жылы басталғалы елдімекендегі 319 балаға 18 орындық шағын автобус берілген. Оған сыйғаны сыйып, ал орын жетпеген оқушылар 12 шақырым жолды жаяу еңсеруге мәжбүр. Соның салдарынан осы аптадан бастап мұндағы бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқуға көшіпті.

"Облыс әкіміне де, аудан әкіміне де, мектеп әкіміне де өтініш тастап, бірнеше рет осы мәселені көтердік. Бірақ жылда мәселе орнынан қозғалған емес. Арасында онлайн сабақ ұйымдастырады, бірақ онлайн ұйымдастырғанымен, бізде интернет жоқ", - дейді Алатау қаласының тұрғыны Эльмира Жабағатаева.

Жалғыз мектеп автобусына үлгеріп қалу үшін оқушылар таңмен таласа аялдамада сағаттап тұрады. Олар Заречный ауылының №12 мектебінде білім алады. Саяжайлар мен мектептің арасын Алматы – Өскемен күрежолы жалғап тұр. Оқушылардың бір бөлігі жолды кесіп өтсе, енді бірі туннельмен жүреді.

"10 баланың анасымын. Автобус мәселесі бізге өте қиын болды. 18 орындық автобусқа балалар кептеліп кетеді. Оның өзінде соңғы аялдамадан бізге жеткенше балалар мүлдем сыймайды. Бізге үлкен автобус керек. Жолды жасаса дейміз. Біз не істей аламыз? Қара халық жүгіріп жүріп жолға тас төктірдік. Мектептің өзіне әрең барып, әрең келеді. Оған топырақ салып берді. Ал туннельде алқаштар мен қаңғыбастар отырады", - дейді Алатау қаласының тұрғыны Жанар Байелова.

Алатау қаласы білім бөлімі басшысының сөзінше, жыл басталғалы елдімекендерге 2 үлкен автобус бөлінген. Бірақ қос көлік те аймақтағы жолдарға шыдамай, сынып қалған. Енді алда болатын конкурстың нәтижесін күтпек.

"Жаңа жылға дейін оқушылар “Рухани жаңғыру” ЖШС-інің автобустарымен тасымалданды. Баланың санына қарай жарияладық, 3 автобус берілді", - деді Алатау қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Ерубаева.

Жауаптылар жылдар бойы қордаланған мәселенің шешімі апта соңында белгілі болады деп сендірді. Нәтиже оң шықса, саяжайларға 3 үлкен автобус бөлінеді.

Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Тұрғындар тілегі орындалды: Әуезов ауданында қордаланған кәріз мәселесі шешімін тапты

Новости партнеров