Халықтың тұрмыстық техникалары күйіп, халық шығынға батқан
«Өркениеттен ада қалдық». Петропавлдағы көпқабатты үйдің тұрғындары сағаттап, кейде тіпті тәулік бойы жарықсыз отырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қатар тұрған көпқабатты екі тұрғын үй Жас өркен ықшамауданында орналасқан. Апта сайын жарықсыз қаламыз деген жұрт жыларман күйге түскенін айтты. Салдарынан тұрмыстық техникалары күйіп, халық шығынға батқан.
«2022 жылдан бері апта сайын жарық өшеді. Тұрмыстық техникамыз да күйіп бітті. Оны қойыңызшы, кеше жарық өшкенде жұбайым баспалдақпен жоғары қабатқа көтеріліп келе жатып, аяғын сындырып алды. Сұмдық қой, дамыған заманда жарықсыз отырмыз», – деді қала тұрғыны Ербатыр Жүнісов.
Тұрғын үйге қызмет көрсететін компания өкілі мұндай жағдай электр желісіндегі техникалық ақаудың салдарынан болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, трансформаторлық қосалқы стансадан баспаналарға дейін сапасыз кабель тартылған.
«Жарық сөніп қалса, 5-10 минуттың ішінде бірден ретке келтіру мүмкін емес. Кейде тұрғындар тәулік бойы күтеді. Көріп тұрсыздар, жаңадан салынған үйлер. Жарық болмаса, жылу да жоқ. Адамдар, тіпті тамақ әзірлей алмайды», – деді қызмет көрсету компаниясының басшысы Юрий Командриков.
Ал қала әкімдігі мердігер компанияны кінәлап отыр. Жауаптылардың сөзінше, мәселені шешу үшін жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Әкімдік өкілдері тұрақты қуат көзін қамтамасыз ету үшін қосымша кабель тартылады деп уәде берді.
«Жас-өркен – құрылысы қарқынды жүріп жатқан шағынауданның бірі. Сол жұмыстарды атқарып жатқан мердігер компания желілерге зақым келтірген. Енді бүлінгені жаңасына ауыстырылып жатыр. Бәрі қалпына келеді», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла
Жарық мәселесі жанына батқан жұрт өз қаражатына электр қуатын күшейтетін құрылғы сатып алған. Өйткені қарашаның тағы да қараңғыда қалып, шығынға батқысы келмейді.
Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, СҚО
Оқи отырыңыз: Күйеуі қолын балталап тастады: науқастың жағдайы ауыр