Орманды алқапты дамыту: депутат облыстар жоспарды орындамағанын айтты

Бақытжан Базарбек миллиардтаған талды егуге бюджет қаржысы кеткенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда ірі өндірістерге қатысты талап қатаңдатылуы мүмкін. Бүгін Мәжілісте экологиялық мәселелер бойынша заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжатта көміртегіне қатысты отандық биржаны қалыптастыру ескерілген. Екіншіден, көміртегінің әсерін азайту үшін көгалдандыру, ағаш отырғызу мәселесін шешу қарастырылған. Дәл осы тұсқа келгенде депутат Бақытжан Базарбек елде миллиардтаған ағаш отырғызылмағанын мәлімдеді. Орман алқабын дамыту бойынша әр өңірден есеп алдым деген ол «облыстардың бірде-біреуі жоспарды орындамаған» деді. Тіпті депутат қолына том-том қағазды әкеліп, дәлел ретінде экология министрлігінің өкілдеріне көрсетті. 

"Статистиканы қараңыздар. Бұл – мемлекеттік органдар мен жергілікті биліктің маған берген жауабы. Орманды алқапты дамыту үшін 2 миллиард ағаш отырғызылуы керек дедік, ал елдімекендердің маңайына 15 миллионы егілуі тиіс еді. Алайда миллиард тұрмақ миллион ағаш жоқ", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Миллиардтаған талды егуге бюджет қаржысы кеткенін айтқан Бақытжан Базарбек: «Бүгін таныстырылған заң ақша жымқырудың жолы болып қалмай ма?» деген сауал жолдады. Ал депутат Ерболат Сатыбалдин бұл құжатта ағаш отырғызу мәселесі мүлдем басқаша шешіледі дегенді алға тартып отыр.

"Бұрынғыдай ағаштың басын санап емес, көміртегіні қанша жұтатынына байланысты отырғызған компаниялар ағаштың өсіп жетілуіне де үлесін қосады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтық және орман шаруашылығы туралы заңға топырақты қорғау туралы заңға өзгерістер осы заңмен бірге еніп жатыр", – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин. 

Оқи отырыңыз: Жұмысшылар жылы: Шымкентте 200-ге жуық жан жұмыссыз қала ма

Новости партнеров