Орынсыз тексеру: Сыр өңірінде 81 балабақша жұмысын тоқтатуы мүмкін

11.02.2025 16:03

Басы дауға қалған бөбекжайлардың басым бөлігі былтыр желтоқсанда комиссияның оң шешімін алған

Балабақшадан былық арылмай тұр. Сыр өңірінде 81 жеке мекеме жұмысын тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Басы дауға қалған бөбекжайлардың басым бөлігі былтыр желтоқсанда комиссияның оң шешімін алған. Солардың бірі – қала іргесіндегі Сабалақ саяжайындағы 40 орындық жалғыз балабақша. Елдімекенде 5 мыңға жуық халық тұрады. Осыған дейін тиісті талапқа сай жұмыс істеп келген мектепке дейінгі мекемені қаңтардан бастап қаржыландыру тоқтатылған.

"Құжаттарымыз сәйкес емес" деп бір жарым айдан кейін хабар келіп тұр. Өздері дұрыс қарамаған ба? Көп құжат жоғалған. Ертерек білсем қаңтарда жұмысты тоқтатар едім. Өйткені қалтамда қаражат жоқ", – деді балабақша құрылтайшысы Майра Мирғалиқызы.

"Халықтың өтінішімен аштық. Жабылуына мен қарсымын. Қаржыландыру керек. Егер де жеке білім ошақтарын жапқылары келсе, алдымен мемлекеттік білім ошақтарын салсын", – деді Сабалақ саяжайының тұрғыны Гүлсәнем Әукенова.

Қазіргі таңда қалада 80-ден астам балабақша осындай мәселеге тап болған. Мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетіп келген мекемелерді тынымсыз тексерулер тұралата бастаған. Тәуелсіз сарапшы "орынсыз талаптар қойылып, қысым көрсетіліп жатыр" дейді.

"Алдыңғы жылы құзырлы органдар тексерген болатын. Қазіргі таңда тырнақтың астынан кір іздегендей болып жатыр", – деді Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының филиал директоры Наталья Мишукова.

Ал облыстық білім басқармасы «Бағдарламаға құжат қабылдаған бұрынғы комиссияның жұмысынан кемшілік кеткен» дегенді алға тартып отыр. Сондықтан хаттамалардың күшін жойып, заңдылығын зерделеу үшін қайта тексеру жүргізбек.

"Бұл конкурстық комиссияның шешімін қайта қарау жөнінде ұсыныс берілді. Балабақшалардың жұмысы тоқтатылмайды. Бірақ орын алған құжаттарындағы кемшіліктерді заңға сәйкестендіріп, қайтадан конкурс өткізіледі", – деді Білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Сергелдеңге түскен 81 бөбекжайда 6 мың бала тәрбиеленіп келген. Ал оларда 1500-ден аса қызметкер жұмыс істеген. Енді мәселе оң шешілмесе барлығы да біржола жұмысын тоқтатуға мәжбүр.

А.Сәрсенұлы, Қ.Биғалиұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Қаржы жымқырған полиция бөлімі бастығының орынбасары қамалды